Ссылки доступа

Қырғыз премьер-министрі: AstraZeneca вакцинасы елге мамырда түседі


Қырғызстан коронавирусқа қарсы AstraZeneca вакцинасын мамыр айында алады, деп хабарлады республика премьер-министрі Ұлықбек Марипов. Оның айтуынша, вакцина тегін егіледі. Препарат COVAX бағдарламасы аясында жеткізіледі.

Бұның алдында Қырғызстан AstraZeneca вакцинасын егетін инелер (423 мың) алған. Сонымен бірге Қырғызстанға қолданылған инені қауіпсіз әдіспен жоюға арналған 3,8 мың қорап жеткізілді.

14 сәуірде денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев жақында елге AstraZeneca​ вакцинасының 405 мың дозасы түсетінін хабарлаған.

Бейшеналиев Еуропаның бірқатар елдерінің AstraZeneca вакцинасынан бас тартуына байланысты алаңдап отырғанын жасырмады, бірақ вакцина Қырғызстанға түскенше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оның себебін анықтар деп үміттенді.

Наурыз айында Қырғызстан COVAX халықаралық бағдарламасымен AstraZeneca вакцинасының 2,6 млн дозасын әкелу процесін тоқтатып қойған еді.

Бұның алдында Дания, Венгрия және тағы бірнеше еуропалық мемлекет AstraZeneca вакцинасын қабылдағандардың жағдайы нашарлағанын анықтаған.

Қырғызстанда вакциналау науқаны биыл 29 наурызда басталды. Елде Қытайдың SinoPharm шығарған вакцинаны адамдарға егіп жатыр. 22 сәуірде Қырғызстан Ресейдің "Спутник V" вакцинасының 20 мың дозасын алды.

XS
SM
MD
LG