2 жылдан 5,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылғандардың ішінде кеден қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдері бар.
Ақпаратқа қарағанда, сотталғандар 2018-2020 жылдар аралығында ауған азаматтарымен бірлесіп, алтын және шетел валюталарын Тәжікстанға заңсыз өткізіп, одан әрі Біріккен Араб Әмірлігі мен Түркияға жөнелтіп тұрған.
Сот үкімінде аталған топ былтыр 4 қыркүйектен 14 қарашаға дейін ауған-тәжік шекарасы арқылы өлкелерге 100 миллион доллардан астам қаржыны және 1 тонна 376 келі алтынды заңсыз жөнелткені жазылған.
Азаттықтың тәжік қызметінің дереккөзіне қарағанда, бұл істің екінші бөлігі бойынша тергеу істері жалғасып жатыр. Ақпаратқа сәйкес, наурыздың басында Хатлон облысына қарасты Жайхун ауданының ішкі істер бөлімінің басшысы Неъматулло Солехзода ұсталып, оған қарсы қызметін асыра пайдалану айыбы тағылған.
Былтыр қараша айында Тәжікстанның құқық қорғау органдары Душанбе әуежайында Дубайға 90 келі алтын және 15 млн доллар алып өтуге әрекет еткен жеті адамның қамалғанын хабарлаған. 18 ақпанда өлкенің Кеден қызметі бұл іс аясында үш бажы қызметкері қамауға алынғанын мәлімдеген.
Ауғанстанның 1-телеканалы дереккөзіне сүйеніп, тәжік билігі қолға түсірген контрабандалық мүліктің ауған парламентінің төраға орынбасары Мирзо Катавозайға қатысы бар екенін хабарлаған. Саясаткер бұл айыптауларды теріске шығарған. Кейін оның қызметінен алынғаны белгілі болды.