Ссылки доступа

Халыққа коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac вакцинасы егіле бастады


26 сәуірде Қазақстанда халыққа коронавирусқа қарсы қазақстандық институт әзірлеп шығарған QazVac вакцинасы егіле бастады. Дүйсенбі күні QazVac-тың алғашқы дозасын алғашқылардың бірі болып денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алған.

Министр елде әрбір 20-қазақстандықтың коронавирусқа қарсы вакцина алып үлгергенін, вакциналау науқанының ойдағыдай жүріп жатқанын айтқан. Шенеуніктердің айтуынша, қазақстандықтар вакцинаның қай түрін салғызатынын (коронавирусқа қарсы отандық немесе ресейлік Спутник V вакцинасы) өздері шешеді. Бәрі ерікті түрде жүреді деп сендіреді.

QazVac (QazCovid-in) вакцинасын биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институты әзірлеген. Вакцина 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап клиникалық сынақтан өткізіле бастаған. Клиникалық сынақтың алғашқы кезеңіне – 44 ерікті, екіншісіне – 200 адам, үшіншісіне 3 мың ерікті қатысқан. Бірақ әзірге үшінші кезең толық аяқталған жоқ.

Коронавирусқа қарсы көптеген вакциналар сияқты QazVac та 21 күн үзіліспен екі рет салынады.

Өткен аптада ведомствоаралық комиссия өкілдері QazVac-тың 50 мың дозасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және өзге аймақтарға жіберілді деп мәлімдеген. Ресми мәлімет бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыға – 6 мың дозадан, Шымкент, Қарағанды облыстарына – 4 мың дозадан жеткізілген. Қалған аймақтарға 2 мың дозадан түсті деп айтылады.

Қаңтарда "отандық вакцина салғызамын" деген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 6 сәуірде ресейлік "Спутник V" екпесін салдырғаны белгілі болды. Бұған қатысты пікір білдірген денсаулық сақтау министрлігі президенттің "Қазақстанда өндірілген вакцинаны салдырғанын" айтты. Қарағандыдағы фармацевтикалық кешен ресейлік "Спутник V" вакцинасын өндіреді.

Соңғы мәлімет бойынша, індет басталғалы бері Қазақстанда кемінде 361 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. 4300-ден астам адамның өліміне коронавирус себеп болды деп айтылады. Кейбір сарапшылар коронавирусқа шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны ресми мәліметтен әлдеқайда көп деп санайды.

Елде коронавирусқа қарсы вакцина салу науқаны 1 ақпанда басталған. Содан бері 893,6 мың адам (халықтың 4,7 пайызы) вакцинаның кемінде алғашқы дозасын алған. 166 мың адамға екі дозасы салынған. Қазір халыққа негізінен ресейлік Спутник V вакцинасы егіліп жатыр. Мамандар вакцинаның екі дозасы салынғаннан кейін бірнеше аптадан соң адам ағзасында иммунитет қалыптасатынын айтып отыр.

XS
SM
MD
LG