Ссылки доступа

Батыс Қазақстан облысына блокпостар қайтадан қойылмақ


1 мамырдан бастап Батыс Қазақстан облысына блокпостар қайтадан қойылмақ.

Аймақтағы бас санитар дәрігердің жаңа қаулысына сәйкес, блокпостарды Орал қаласына кіреберіске және COVID-19 вирусы кең тараған "қызыл" аймақтарға енгізбек. Бүгінде "қызыл" аймаққа облыстың алты ауданы кірген: Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Казталов, Теректі және Шыңғырлау.

Блокпостардан тек төтенше қызмет өкілдері, вахтада жұмыс істейтіндер, жолаушылар, медициналық қызметкерлер ғана өте алады. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері арнайы анықтама алуы қажет.

Қазір аймақтарда түнде жүріп-тұруға тыйым салынған. Егер түн уақытында шұғыл жол жүру керек болса немесе дәріхана, ауруханаға баруы керек болса, STOPCOVID.KZ сайтында өтініш қалдыруы тиіс.

Ресми мәлімет бойынша, Батыс Қазақстан облысында вирус жұқтырғандар саны 18 613 адам. 272 науқас қайтыс болған. Соңғы тәулікте 166 адамнан вирус анықталған.

Батыс Қазақстан облысы коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақта тұр.

XS
SM
MD
LG