Ссылки доступа

Қырғызстан Тәжікстанға екі азаматтың ұрлануы бойынша нота жолдады


26 сәуірде Қырғызстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Нұран Ниязалиев тәжік елшісі Назирмад Ализодаға қарсылық нотасын жолдады. Бұл жөнінде Қырғызстанның СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Нотада 24 сәуір күні Тәжікстанның құқық қорғау органдары қызметкерлерінің Баткен облысы Ләйлек ауданының екі тұрғынын заңсыз түрде ұстап әкеткеніне алаңдаушылық білдірген.

СІМ тәжік тарабын болған оқиғаға түсініктеме беріп, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырған.

24 сәуірге қараған түні Ләйлек ауданында 2000 және 2002 жылдары туған екі жігіт жоғалып кеткен. Белгілі болғандай, тәжік шекарасы маңында тігін цехының құрылысы жүріп жатқан. Түнге қарай екі жігіт ондағы құрылыс материалдарын күзетуге барған. Таңертең олар үйіне оралмаған.

Әлеуметтік желіде тараған видеода жылап тұрған әйел екі жігіттің бірінің қан іздері бар аяқкиімін көрсетіп жатыр. Әйел оқиға орнында тәжік шекарашыларының болғанын айтады.

Жергілікті тұрғындар екі жігітті жүріп жатқан құрылыс үшін алып кеткен болуы керек дейді.

Кейін белгілі болғандай, жігіттер Тәжікстаннан табылған. Оларды келіссөздерден кейін үйіне қайтарған. Олармен бірге шекарадан заңсыз өтті деп ұсталған алты қырғызстандықты да босатқан.

XS
SM
MD
LG