Ссылки доступа

Қырғыз соты Матраимовтардың БАҚ-қа қарсы шағымы бойынша тергеу ісін тоқтатты


Кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың және оның отбасы мүшелерінің Азаттық, Kloop.kg, 24.kg медиаларына және журналист Али Токтакуновқа қарсы шағымы бойынша тергеу ісі қысқартылды.

Мұндай шешім 27 сәуірде Бішкектің Свердлов аудандық сотында қабылданғанын заңгер Акмат Алагушев хабарлады.

Оның айтуынша, бұған Матраимовтардың арызды қайтарып алуы себеп болған:

"Бітті, жабылды деп айтсақ болады. Ешкім арыздана алмайды. Кейін бұл мәселе бойынша қайта арыздануға мүмкіндік жоқ".

Матраимовтардың арызды қайтарып алғаны 23 сәуірде белгілі болған.

2019-2020 жылдары Азаттық радиосы, Ұйымдасқан қылмысты және коррупцияны зерттеу жобасы (OCCRP) және оның Қырғызстандағы әріптесі Kloop.kg медиасы кеден саласындағы коррупциялық істер әшкереленген зерттеулердің сериасын жариялаған.

Бұл зерттеулерге байланысты Матраимовтар соттан журналистерден 60 млн сом өндіріп беруін сұраған.

Биыл Бішкектің Бірінші май аудандық соты Райымбек Матраимовты жемқорлық бойынша кінәлі деп танып, оған 260 мың сом айыппұл салған. ҰҚМК бұл іс бойынша тергеу жүргізгенде Матраимов өзі және кедендегі басқа қызметкерлер 2016 жылы кеден системасында коррупциялық схема құрғанын, бұл схема соңғы уақытқа дейін істеп тұрғанын мәлімдеген.

Матраимов өзіне тағылған айыптарды мойнына алған. Биыл 18 ақпанда ол қамауға алынған. Алайда 15 сәуірде оған қарсы тергеу ісі аяқталып, Матраимов босатылған.

XS
SM
MD
LG