Ссылки доступа

Грузияда оппозицияның бір бөлігі парламент жұмысына жариялаған бойкотты тоқтатты


Никанор Мелия
Никанор Мелия

Грузияда әртүрлі партиялардың өкілдерінен тұратын оппозициялық топтың ондаған өкілі алты ай бойы парламент жұмысына жариялаған бойкотты тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл жайында Азаттықтың грузин қызметі хабарлады.

Біріккен оппозицияның бір бөлігімен биліктегі "Грузин арманы" партиясы ортасындағы бұл компромисске Еуропа Кеңесінің төрағасы Шарль Мишелдің ұсынысымен әзірленген "Грузияның болашаққа қарай жолы" атты келісімі негіз болды.

Құжатта былтыр қарашада өткен парламент сайлауынан кейін оппозициялық күштер жариялаған бойкотты тоқтату және оппозициялық "Біріңғай ұлттық қозғалыс" партиясының лидері Никанор Мелияны рақымшылықпен бостандыққа шығару қарастырылған.

Мелия 2019 жылы "Билікті күшпен басып алуға әрекет ету" бабымен қозғалған қылмыстық іс бойынша кепіл соманы төлемеді деген айыппен қамауға алынған. Ол кезде оппозицияның мыңдаған жақтастары мен белсенділер Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаттарының қатысуымен өтіп жатқан "Праволсавияның парламенттер ассамблеясының" отырысын болдырмау мақсатында парламент ғимаратын басып кіруге әрекет еткен.

Мелия рақымшылық шарттарында оппозиционерлерден бөлек полиция қызметкерлерін де жауапкершіліктен босату қарастырылған болса, ол бостандыққа шығудан бас тартамын деген.

Алайда оппозициялық лидерлердің сөздеріне қарағанда, жақын күндері Мелия бостандыққа шығуы мүмкін. "Біріңғай ұлттық қозғалыс" депутаттары парламентке келіп, биыл қазан айында белгіленген жергілікті сайлауларға дайындықты бастайды.

Шарль Мишелдің қатысуымен әзірленген құжатқа сәйкес, егер жергілікті сайлауларда миллиардер Бидзина Иванишвилидің биліктегі "Грузин арманы" партиясы 43% көп дауыс алмаса, елде кезектен тыс парламент сайлауы жарияланады.

XS
SM
MD
LG