Ссылки доступа

Қырғызстанның шекара қызметі "тәжік оқушыларын соққыға жықты" деген мәліметті терістеді


Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара қызметі "қырғыз шекарашылары екі тәжік оқушысын соққыға жықты" деген мәліметті терістеді.

"Қырғызстан мен Тәжікстанның шекара қызметтерінің өкілдері телефонмен сөйлесті. Әңгімелесе келе тәжік тарапы қырғыз шекарашыларының тәжік оқушыларын ұстап, соққыға жықты деген мәліметті ресми түрде терістеді. Тәжік шекара қызметінің өкілдері оқушылардың ұсталуы туралы мәлімет фейк екенін мойындады", - деп хабарлады Қырғызстанның шекара қызметі.

Бұның алдында тәжік баспасөзі қой бағып жүрген екі тәжік оқушысын 25 сәуірде қырғыз шекарашылары ұстап, екі сағат бойы тергеген, ұрған деп хабарлады. Ворух тұрғындары оқушылардың денесіндегі көгерген іздерді суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге салған. Тұрғындар оқушыларды қырғыз шекарашылары ұрған деп топшылады.

Қырғызстанның Баткен облысында 24 сәуірге қараған түні екі бала жоғалып кетті. Кейін олар Тәжікстаннан табылды. Екі елдің шекарашыларының келіссөздерінен соң тәжік шекарашылары екі баланы, олармен бірге шекараны заңсыз бұзғаны үшін ұсталды делінетін тағы алты қырғызстандықты босатты.

26 сәуірде Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Тәжікстан елшісіне осы оқиғаға байланысты наразылық нотасын тапсырды.

Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі 27 сәуірде Қырғызстан елшісі Жаныш Рустенбековке наразылық нотасын ұстатты. Онда тәжік тарапын қырғыз шекарашыларының кәмелет жасқа толмаған екі азаматына қатысты заңсыз әрекеттері алаңдатаныны айтылған.

Қырғызстанмен шекаралас Ворух тұрғындарының хабарлауынша, 25 сәуірде қырғыз шекарашылары төрт тәжік жасөспірімін ұстауға талпынған, бірақ екеуін ұстай алмаған.

Тәжікстанның ресми құрылымдары бұл оқиғаға қатысты мәлімет таратпады.

Қырғызстанның тәжік нотасына қатысты жауабы әзірге белгісіз.

XS
SM
MD
LG