Ссылки доступа

CPJ Өзбекстанды интернеттегі сөз бостандығын шектейтін жаңа заңның күшін жоюға шақырды


"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Өзбекстанды интернеттегі сөз бостандығын шектейтін жақында қабылданған заңның күшін жоюға шақырды.

Құқық қорғау ұйымы өкілдерінің пікірінше, күзге белгіленген президент сайлауы қарсаңында қабылданған заң баспасөз еркіндігін тұншықтырып, азаматтардың құқықтарын шектейді.

"Президент сайлауы жақындаған тұста Өзбекстан билігі заңнамаға бірқатар түзетулер енгізіп, сөз бостандығына бақылауды күшейтуге кіріскен сияқты. Егер өзбек билігі либералдық реформа жүргізуге тырысып жатқанына әлем сенсін десе, сөз бостандығын шектейтін және сыни жазба жариялағандарға айыппұл салып, түрме жазасы қаупін төндірген заңдардың күшін жоюы тиіс" деді CPJ ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламалар үйлестірушісі Гулноза Саид.

Қылмыстық кодекс, әкімшілік кодекс және ақпарат туралы заңға енген түзетулер 31 наурызда күшіне енген. Оған алдында бір күн бұрын президент Шавкат Мирзияев қол қойған.

Жаңа түзетулер президентке интернетте тіл тигізген немесе өсек-аяң таратқандарға, "жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға" түрме жазасын қолдануды қарастырады. "Тәртіпсіздіктер мен күш қолдануға жария түрде арандатқандар" да қылмыстық қауапкершілікке тартылады. Ал егер осы әрекетті бір топ адам өзара келісіп, ақпарат құралдары, телекоммуникация құралдарының көмегімен жүзеге асырса немесе жүзеге асыруға талпынса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

24 қазанда Өзбекстанда президент сайлауы өтеді. Сарапшылар Мирзияевтің екінші мерзімге сайлануға дайындық жасап жатқанын айтады.

Шавкат Мирзияев Орталық Азияда халқы ең көп (32 млн адам) мемлекетті авторитар басшы Ислам Каримов қазасынан кейін басқарып келеді.

Мирзияев өзін реформатор ретінде көрсетуге тырысады. Ол саяси тұтқындарды босатып, Өзбекстан қақпасын көрші елдер мен сыртқы әлемге ашқан. Бірақ көптеген белсенділер елде реформа үстірт жүргізілді деп санайды.

Бұған дейін Мирзияев оппозициялық топтарға қарсылығы жоғын айтқан. Алайда елде іс жүзінде шынайы оппозициялық күштер ресми тіркеуден өте алмай келеді.

XS
SM
MD
LG