Ссылки доступа

АҚШ мемлекеттік департаменті Мәскеуді Азаттық радиосына қысым көрсетуін доғаруға шақырды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресей билігін Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясына қысым көрсетуін доғаруға шақырды. Оның бұл мәлімдемесін баспасөзге арналған брифингте мемлекеттік департамент өкілі Нед Прайс оқып берді.

Мемлекеттік департамент өкілінің айтуынша, Блинкен Азаттық радиосы мәселесін Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен талқылаған. Олардың нақты не туралы сөйлескенін Прайс жарияламады. Мемлекеттік департамент халықаралық әріптестерінен Ресей билігіне қарата айтылған үндеуге қосылуын сұрады.

Ресей билігі Азаттық радиосына қысым көрсетуін доғармаса, онда Құрама Штаттар қарымта шара қолдануы мүмкін, деді Прайс.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының Ресейдегі жобаларын Кремль бірнеше жыл бұрын "БАҚ-шетел агенттері" тізіміне қосқан. Медиакорпорация "агент" дегенмен келіспейтінін бірнеше мәрте хабарлаған, өйткені ол толықтай тәуелсіз редакциялық саясатты ұстанады.

Роскомнадзор Азат Еуропа/Азаттық радиосының Ресейдегі жобаларына 500-ден аса хаттама толтырды. Медиакорпорацияға салынуы мүмкін айыппұлдар 100 миллион рубльден асып кетті.

XS
SM
MD
LG