"Баткендегі оқиға туралы шынайы ақпарат жеткізу үшін халықаралық журналистерді Баткенге алып бара жатырмыз. Олар өз көздерімен көріп, қорытындысын өздері шығарсын".
Шекарадағы жанжал шыққан аймақтарға Қырғызстанда аккредитациядан өткен шетелдік ақпарат құралдарының өкілдері барады. Жалпы 20 ақпарат құралынан 26 журналист бармақ.
28-30 сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс болды. 3 мамырдағы мәлімет бойынша, шекарадағы жанжалда қырғыз жағынан 35 адам қаза тапты, 183 адам зардап шекті. Баткен облысы мен Бішкектегі ауруханаларда 99 адам емделіп жатыр. Үш науқастың жағдайы ауыр.
Тәжік билігі зардап шеккендер туралы ресми мәлімет таратпады, бірақ Озоди радиосы 16 адам қаза болғанын хабарлады.
Қырғызстан төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің мәліметі бойынша, Баткен және Лейлек аудандарындағы ауылдарда ондаған үй, он жанармай құю бекеті, үш шекара бекінісі, екі мектеп қираған немесе бүлінген. Баткен облысынан 60 мыңнан астам адам басқа жерге көшірілген. Тәжік билігі жанжал зардаптары туралы есеп бермей отыр, бірақ шекарадағы ауылдарды аралаған журналистер Қожалы (Ходжа Аъло) қышлағындағы өртенген, қираған үйлердің суреттерін жариялады.
1 мамырда Баткен облысында қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жқніндегі үкімет делегацияларыынң келіссөзі өтті. Соның нәтижесінде тараптар атысты доғарып, қосымша әскерді шекарадан алып кетуге келісті.