Ссылки доступа

Қырғыз парламенті Баткен облысына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын қарайды


Жогору Кенешке тезірек қарауды қажет ететін құжат - "Баткен облысының мәртебесі туралы" заң жобасы түсті. Қырғызстан үкіметі заң жобасын президенттің тапсырмасымен әзірлегенін хабарлады.

Құжат 2 сәуірде қоғам талқылауына ұсынылған. Ұсыныстар мен ескертпелер енген заң жобасын үкімет 3 мамырда мақұлдаған. Құжат бірден парламент қарауына ұсынылған.

Баткен облысына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы облыс басшысының құзыретін арттыруды, облысты дамыту бюджетін жасақтаудың ерекше тәртібін енгізуді, инвесторларға мемлекет тарапынан кепілдік беруді, сонымен бірге білім беру және мәдениет нысандарын 2022 жылдан бастап республика бюджетінен қаржыландыруды қарастырады.

Баткен облысында Тәжікстанмен шекарада болған қарулы жанжал кезінде қираған нысандарды қалпына келтіруге 700 млн сом (8,2 млн доллар) бөлінді.

Үкімет басшысының айтуынша, 500 млн сом әлеуметтік нысандардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмсалады, қалған 200 млн сом қираған үйлерді қалпына келтіруге кетеді.

28-30 cәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы жанжал болып, соның салдарынан, ресми мәлімет бойынша, Қырғызстанның 36 азаматы қаза тапты. Тәжік билігі зардап шеккендер туралы ресми мәлімет таратпады. Азаттық радиосының тәжік қызметі 16 адам мерт болғаны туралы дерек жариялады.

XS
SM
MD
LG