Ссылки доступа

Өзбекстанда жаңадан құрылған оппозициялық партия басшысына айыппұл салынды (видео)


Ташкент қаласының Юнусабад аудандық әкімшілік сотында Өзбекстанның "Хакикат ва Тараккиёт" ("Ақиқат және өрлеу") социал-демократиялық партиясының жетекшісі, профессор Хидирназар Аллакуловтың үстінен қозғалған іс бойынша сот аяқталды.

Аллакуловтың айтуынша, сотта оған "жала жабу" бабы бойынша айып тағылған. Сот шешімімен, партия жетекшісіне жиырма айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 470 доллар) айыппұл салынды.

Профессорды белгісіз біреулердің арызы негізінде соттады. Арызданушылар биыл 31 наурызда Аллакуловқа үйінің алдында шабуыл жасаған.

Бұл уақытта, партия белсенділері биліктің қысымы күшейгенін айтып отыр.

Аллакулов сот болатынын отырыс басталардан бірнеше сағат бұрын ғана естіген. Саясаткер іс материалдарымен танысып үлгермеген.

"Сот басталардан екі сағат қалғанда үйге учаскелік инспектор келіп, сотқа шақырту ұстатты. Ол маған іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермеді", - дейді "Хакикат ва Тараккиёт" партиясының басшысы.

Профессордың жақтастарын сотқа жібермеген.

"Олар сот жабық өтетінін айтып, ішке Хидирназар Аллакуловты ғана кіргізді. Біз профессор үшін алаңдадық. Сот ғимаратына кіре алмадық", - деді партия мүшелерінің бірі.

Еске салайық, 31 наурызда түнгі сағат он екілер шамасында белгісіз біреулер Хидирназар Аллакуловты үйінің алдында ұрып кетті. Олар партия басшысынан саясатпен айналысуды доғаруын, Юнусабад ауданындағы кеңсені босатуын талап еткен.

Келесі күні Аллакулов құқық қорғау органдарына шағымданды. Алайда кейін саясаткер оған шабуылдағандар оның үстінен арызданғанын білген. Дегенмен астананың құқық қорғау органдары Аллакуловтың арызын елегісі келмей, оның үстінен арызданғандардың шағымы негізінде әкімшілік іс қозғаған.

Өзбекстанда биыл қазанда президент сайлауы өтеді. Оған "Ақиқат және өрлеу" партиясы да қатысқысы келеді.

Өзбекстан парламентіндегі бес партияның барлығы да билік саясатын қолдайды.

XS
SM
MD
LG