Ссылки доступа

Министр Цой вакцинаның екі дозасы арасындағы үзіліс 45 күннен артық болмайды дейді


Қазақстанда 1 млн 486 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын алған. Шамамен 400,7 мың адамға (халықтың 2,1 пайызы) вакцинаның екі дозасы егілген.

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сәрсенбі күнгі мәжіліс отырысы кезінде мәлімдеді. Ол вакцинаның екі дозасы арасындағы үзіліс 45 күннен артық болмайды деді.

Сәуір айының соңынан бастап Қазақстанда "Спутник V" вакцинасының бірінші мен екінші дозасы арасындағы үзіліс ұлғайтылған еді. Егер бұрын вакцинаның екінші дозасы алғашқы дозасы егілген күннен 21 күн өткеннен кейін егілсе, қазір 45-күн егуді ұсынылып отыр. Сенбі күні бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов 90 күн ішінде вакцина егуге болады деп мәлімдеген. Тәуелсіз ғылыми-медициналық Medsupport ұйымы Қиясовтың бұл шешіміне қарсы шығып, адам екінші доза алмаса вирус жұқтырып алуы мүмкін деп дабыл қаққан.

Сәрсенбі күні Алексей Цой "вакцинаның екі дозасын алған адамды егілген адам деп санауға бола ма?" деген сұраққа "иә" деп жауап берді.

"Егер бұл екі дозалық вакцина болса, онда әрине вакцинаның екі дозасын алу керек" деді ол. Министр екпенің бірінші дозасын алғандарға міндеттті түрде екінші де егіледі деді.

"Азаматтарға бірінші компоненті салынса, екінші компоненті 21 күннен кейін "қуып жетеді", екінші дозасы ең көп дегенде 45 күн ішінде салынады. Қалай болғанда да азаматтарымыз екінші компонентін алады" деді министр. Оның сөзіне қарағанда, вакцинаның бірінші дозасы егілген күннен бастап 15 күн өткен соң адамдарда антидене пайда бола бастайды. Яғни, коронавирусқа қарсы иммунитет 15 күннен пайда болады.

Қазір халыққа ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac және БАӘ елінде жасалған Қытайдың Sinopharm компаниясының екпесі салынып жатыр.

XS
SM
MD
LG