Ссылки доступа

Қырғызстан мемлекеттің зауыт-фабрикаларын бір жылда сатпақ


Қырғызстан мемлекет мүлкін жекешелендіруге дайындалып жатыр. Бұның алдында президент Садыр Жапаров мемлекет мүлкінің басым бөлігін сатуды, қалғандарын министрліктерге, комитеттер мен басқа да мекемелерге бөліп беруді ұсынған.

Қазір мемлекет мүлкі қорында фабрикалар, зауыттар, түрлі ғимараттар, көліктер және басқа да мыңдаған жылжымайтын мүлік бар. Жекешелендіру бір жылда жүзеге асады деп жоспарланған.

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров жекешелендіру туралы ойын 5 мамырда жаңа Конституцияға қол қою салтанаты кезінде жариялады.

— Жеке меншік иесі мемлекеттен жақсырақ басқаратынын экономиканың өзі дәлелдеді. Біздің мақсатымыз — мемлекет кәсіпорындарын жекеменшікке беру. Жоспарды жүзеге асыруға бір жыл жеткілікті, — деді Жапаров.

Азаттық радиосының қырғыз қызметінің хабарлауынша, бірқатар саясаткер мен қоғам белсендісі мұндай бастаманы сынаған.

— Президент "мемлекет ешқашан жақсы менеджер бола алмайды" дейді. Мемлекет емес, сондағы жетекшілер жақсы менеджер бола алмай отыр. Жеке тұлғалар энергетика компаниялары мен су электр станцияларын меншіктеп алса, еліміздің болашағына қауіп төнуі мүмкін. Мемлекет осы компанияны басқаратын адамдарға тәуелді болып қалады, - деді Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты Исхак Масалиев.

Қырғызстанда мемлекет меншігіндегі мүліктің жалпы құны — 84–86 миллиард сом. Бұған қоса акционерлік компанияларда мемлекет үлесі бар.

Қырғызстан 2014–2015 жылдары мемлекет мүлкін есептеді. Осы мақсатқа Дүниежүзілік банк 50 миллион доллар берді.

XS
SM
MD
LG