Ссылки доступа

Өзбек әншісі Жахонгир Атажанов оппозициялық "Эрк" партиясын қайта жандандырғысы келеді


Джахонгир Атаджанов (справа) в аэропорту Ташкента, 12 мая 2021 года.

Эстрада әншісі Жахонгир Атажанов 12 мамырда Түркиядан Өзбекстанға оралды. Былтыр желтоқсанда сахнадан кеткенін жариялаған ол Өзбекстандағы президент сайлауына қатысты мәлімдеме жасаған.

Ташкентте "Озодликқа" сұхбат берген Атажанов оппозициялық "Эрк" ("Ерік") партиясының қызметін қайта жандандыратынын мәлімдеді.

"Мен сол үшін Өзбекстанға келдім. Мақсатым - президент болу, шегінерге жол жоқ", - деп мәлімдеді бұрынғы әнші.

Еске салайық, былтыр желтоқсанда 42 жастағы Жахонгир Атажанов сахнадан кеткенін, өйткені оның"шариғат заңдарына қайшы" екенін айтқан.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұрынғы әншінің президент сайлауына қатысқысы келетіні туралы мәлімдемесін түрліше қабылдады. Өзбекстанда президент сайлауы биыл қазанда өтеді.

Өзбекстан заңдарына сәйкес, президент қызметіне үміткерді саяси партиялар ғана ұсына алады.

Атажановтың Өзбекстанда оппозициялық партия құруға талпынысынан түк шықпады. Енді ол жаңа партия құру ойынан бас тартып, тәуелсіз Өзбекстан тарихындағы алғашқы оппозициялық "Эрк" партиясының қызметін жандандырғысы келетінін мәлімдеді.

Ол биыл наруызда Стамбулда "Эрк" партиясының негізін қалаушы, танымал өзбек ақыны Мұхаммад Салихпен кездескен.

Қуғындағы Мұхаммад Салих біраздан бері Түркияда тұрады. Өзбек билігінің қысымына ұшыраған ол Өзбекстаннан 1993 жылы кетуге мәжбүр болған.

XS
SM
MD
LG