Ссылки доступа

Қырғыз милициясы: Құмтөр басшылығы Қырғызстаннан сәуірде кетіп қалған


"Құмтөр Голд Компани" басшылығы Қырғызстаннан сәуірде кетіп қалғаны мәлім болды. Бұл туралы Азаттықтың қырғыз қызметіне Ыстықкөл облысы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Сталбек Усубакунов хабарлады.

12 мамырда Тергеу қызметіне "Құмтөр Голд Компанидің" қаржы жөніндегі директоры Саймон Тан, компания президенті Деон Баденхорст және жүк жеткізуді басқару жүйесінің директоры Арипин Буман куәгер ретінде шақыртылды.

"Тексеру барысында олар елден тергеуге шақырту алмай тұрып кетіп қалғаны мәлім болды. Олардың бірі Қырғызстанға мүлдем келмеген", - деді Усубакунов.

11 мамырда Ыстықкөл облысының милициясы Құмтөр кеніндегі оқиғаларға қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.

2019 жылғы 1 желтоқсанда кен маңында өзен жағалауындағы жер опырылып түскен. Екі адам қайтыс болған. Былтыр 15 ақпанда экскаватор басқарушы экскаваторменмен бірге көлге батып кеткен.

Бішкектің Октябрь аудандық соты "Құмтөр Голд Компани" компаниясын мемлекетке 261 млрд 719 млн 674 мың сом төлеуге міндеттеген. Сол кезде компания мұздықтарға кен қалдықтарын заңсыз тастады деп айыпталған.

Құмтөр – Қырғызстандағы ең ірі алтын кені. Өндіріс акцияларының басым бөлігі канадалық "‎Центерра Голд" компаниясына тиесілі. Қырғызстанның үлесі - 26%. "Құмтөр" кәсіпорыны Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінің 10 пайызын береді.

XS
SM
MD
LG