Ссылки доступа

БҰҰ Түркіменстаннан сотталған түркімен журналисі туралы ақпарат сұратты


Нургельды Халыков (фото издания Turkmen.news)

БҰҰ-ның бірнеше мекемесі Түркіменстан билігінен сотталған журналист Нұргелді Халықов туралы мәлімет сұратты. Бұл туралы Turkmen.news хабарлады. Журналист осы басылымда істеген.

Сайт мәліметі бойынша, 2021 жылғы ақпанда БҰҰ-ның бірнеше мекемесі Түркіменстан билігіне он беттік хат жолдаған. Онда журналист Нұргелді Халықовтың сотталуына қатысты мәлімет сұратылған.

Еске салайық, Turkmen.news тілшісі былтыр Түркіменстанға барған ДДСҰ делегациясын суретке түсірген соң сотталды. 26 жастағы журналисті төрт жылға түрмеге қамады.

Turkmen.news түркімен үкіметіне жолданған хатты жариялады. Онда Халықовты қалай ұстағаны баяндалған: 2020 жылғы 12 шілдеде ол тәуелсіз журналистерге ДДСҰ делегациясының суретін жолдаған. Оның бір танысы бұл суретті инстаграмда жариялаған. Келесі күні ол Халықовты достықтан шығарып, суретті сен жібердің бе деп сұраған. Одан соң Халықовты полиция тергеу шақыртқан. 26 шілдеде Халықов Turkmen.news редакциясына оны 5 мың доллар қарызды қайтармады деп айыптағанын хабарлаған. 15 қыркүйекте Нұргелді "алаяқтық" бабымен төрт жылға сотталды.

БҰҰ Түркіменстанда әдетте қарызды қайтармағаны үшін қылмыстық іс қозғалмайтынын жазған. Нұргелдіні не себепті алаяқ деп айыптағаны түсініксіз.

Turkmen.news журналистің сотталғанын былтыр желтоқсанда ғана хабарлады, өйткені оның туыстары Халықовтың рақымшылықпен босап шығады деген уәдеге сеніп қалған. Бірақ 12 желтоқсанда рақымшылық жарияланғанда Халықов бостандыққа шықпаған.

БҰҰ хатына Түркіменстан билігі үш сөйлеммен жауап берген. Онда тәуелсіз журналистің не себепті қудаланғаны туралы мәлімет жоқ.

Халықаралық ұйымдар Түркіменстанды сөз еркіндігі шектелетін елдер қатарына жатқызып, оны Солтүстік Корея, Эритрея, Қытай және Иран секілді елдермен бір қатарға қояды.

XS
SM
MD
LG