Ссылки доступа

Қырғыз-тәжік шекарасында ұсталғандар босатылды


Қырғыз-тәжік шекарасында Баткен облысының Ақ-Сай ауылының тұрғындары 17 мамырда осы ауылдың үш тәжік азаматын ұстаған. Бұл туралы қырғыз үкіметінің облыстағы өкілдігі хабарлады.

Мәліметте айтылғандай, жергілікті тұрғындар тәжік азаматтарының Қырғызстан аймағында жүрген себебін анықтау мақсатында оларды милицияға тапсырған.

Сонымен бірге тәжік азаматтары Тәжікстанның Ворух ауылы арқылы жайлаудан келе жатқан үш қырғыз азаматын ұстаған.

Бұл оқиға бойынша Баткен және Соғды облыстарының басшылары телефон арқылы сөйлесіп, екі облыстың күш құрылымдарының жетекшілеріне кездесіп, сөйлесуге тапсырма берген.

Нәтижесінде екі облыстың күш құрылымдарының жетекшілері жолығып, халықпен кездесіп, екі тараптан ұсталған азаматтарды босатуға келіскен.

Соңғы ақпаратқа қарағанда, тәжік азаматтары ұстаған қырғыз азаматтары азапталған, оларды ауруханаға жеткізген.

Тәжік-қырғыз шекарасындағы қақтығыс 28-29 сәуірде болды. Тәжік билігі 6 мамырда ғана шекарадағы жанжалда 19 адам қаза тауып, 87 адам жараланғанын хабарлады.

Қырғыз жағының мәліметінше, шекарадағы жанжалда Қырғызстанның 189 азаматы жараланып, 36 адам қаза тапқан. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 1-2 мамырды ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Тәжікстан мен Қырғызстан мемлекеттік шекараны анықтау жұмысын 2002 жылы бастаған. Екі ел арасындағы 976 шақырымдық шекараның 504 шақырымының ғана мәртебесі анықталған.

XS
SM
MD
LG