Ссылки доступа

Қырғыз парламенті Құмтөр кенішіне уақытша сыртқы бақылау енгізуді қолдады


Жогорку Кеңеш министрлер кабинетіне "Құмтөр Голд" компаниясына уақытша сыртқы бақылау енгізуді тапсырды. Мұндай шешім парламенттің 17 мамырдағы кезектен тыс жиналысында қабылданды.

Сонымен бірге парламент компанияның қызметін тексеріп жатқан мемлекеттік комиссияның жұмысын тағы үш айға созды.

"Құмтөр Голдқа" сыртқы бақылау енгізуді аталған комиссия ұсынған.

"Акционерлік қоғамдар жөніндегі" заңға және "Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу жөнінде" деп аталған заң парламентте биыл 6 мамырда қабылданып, 14 мамырда оған президент қол қойған.

Заңда жер қазынасын қорғау, экологиялық және өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша талаптарды бұзған, адамдардың өміріне және денсаулығына зиян келтірген компанияларға сыртқы бақылау енгізудің тәртіптері қамтылған. Қылмыстық кодекс уақытша сыртқы басқару енгізілген акционерлік қоғамның басқару органдарына қойылған шектеулерді бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған баптармен толықтырылған.

"Құмтөр Голдқа" уақытша сыртқы басқару үш айлық мерзімге енгізілді, егер қажет болса, тағы үш айға созылатыны бүгінгі жиналыста айтылды.

7 мамырда Бішкектің Октябрь аудандық соты "Құмтөр Голд" компаниясын Қырғызстанның экология заңдарын бұзғаны үшін мемлекетке 261 млрд 719 млн 674 мың сом өтемақы төлеп беруге міндеттендірген.

Бір күн бұрын Centerra Gold-тың Бішкек үстінен арбитраж сотына шағым түсіргені белгілі болған. Шағым иелері Құмтөрді сырттай бақылауға мүмкіндік беретін жақында қабылданған заң кеніш бойынша жасалған инвестициялық келісімді бұзады деп санайды. Компания заңдарды ешқашан бұзбағанын айтқан.

17 мамырда Мемлекеттік комиссия төрағасы Ақылбек Жапаров "жемқорлық, қауіпсіздік техника ережелерінің бұзылуы және қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталмауына" байланысты Centerra Gold компаниясына кенішті бермеу туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

"Мемлекеттік комиссия Құмтөр бойынша 1992, 2003, 2009 және 2017 жылдары жасалған келісімдер Қырғызстанның ұлттық мүддесіне сәйкес келмегенін анықтады. Олар Қырғызстанның мемлекеттік суверенитетіне нұқсан келтіреді және сол кездегі қырғыз шенеуніктерінің жемқорлық мүдделері негізінде қабылданған" деді Ақылбек Жапаров.

XS
SM
MD
LG