Ссылки доступа

Тәжікстанда 22 адам коронавирус жұқтырды деген күдікпен карантинге түсті


Душанбе мен Худжандта 22 адам коронавирус жұқтырды деген күдікпен карантинге түсті. Тәжік билігі коронавирусты жеңгенін, жыл басынан бері коронавирус жұқтырған науқас тіркелмегенін мәлімдеген.

Соғды облысының денсаулық сақтау басқармасы бір айда төрт адам коронавирус жұқтырған деген күдікпен ауруханаға түскенін растады. 15 науқастың пневмония белгілері анықталған. Тәжікстанның денсаулық сақтау министрлігі Душанбеде үш адамның өкпесі зақымдануына байланысты дәрігерлер қарауына алынғанын хабарлады, бірақ олардан COVID-19 анықталмаған.

Қаңтар айында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон коронавирусты "жеңдік" деп мәлімдеген.

Соғды облысындағы санитария және эпидемиология қызметінің мәліметіне қарағанда, Сауд Арабиясының 47 жастағы азаматы Мәнсүр Әли Қасым коронавирус белгілерімен карантинге ауыстырылған. Қонақ үйде онымен байланыста болған үш адам оқшауланды. "Шетел азаматы Бустон қаласының қонақ үйінде жатқан. Оның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Науқасты карантинге ауыстырып, тағы бір тест алдық. Нәтижесін күтіп отырмыз", - деді мемлекеттік қызмет өкілі.

Коронавирус эпидемиясы басталғалы бері Тәжікстанда 13 мың 308 адам коронавируспен ауырды, 90 адам қайтыс болды. Тұрғындар коронавирусқа қатысты ресми мәліметке сенбейді. Озоди радиосының журналистік зерттеуінде республикада коронавирус жұқтырғандар саны ресми мәліметтен бірнеше есе көп болуы мүмкін екені айтылды.

XS
SM
MD
LG