Ссылки доступа

Indorama Agro кәсіпорынының айлықтың қысқаруына наразы жұмысшылары "велоакция" өткізді (видео)


Велоакция работников ООО Indorama Agro. Кадр из видеозаписи.
Велоакция работников ООО Indorama Agro. Кадр из видеозаписи.

Өзбекстанның Сырдария облысында Indorama Agro компаниясының айлықты қысқартуына наразы жұмысшылары велоакция өткізді. Жұмысшылар еңбек заңдарының бұзылуына наразы.

Велоакция Жизақ-Гүлістан автожолының Сардоба ауданы арқылы өтетін тұсында ұйымдастырылды.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардан наразылық акциясына ондаған жұмысшы қатысқанын көруге болады. Велосипедшілер автокөлік қозғалысына кедергі жасап, күре жолмен жүрді. Автокөлік жүргізушілерінің бірі олардан "Не болып жатыр?" деп сұрағанда:

"Индорама" жұмысшылары жұмыстан кетті. Жалақы аз. 1,5 миллион сум (шамамен 140 доллар). Ештеңеге жетпейді", – деп жауап берген велосипедшілердің бірі.

"Біздің кінәміз не?" - деп сұраған автокөліктегілер. "Сендердің кінәларың жоқ. Біз мәселенің шенеуніктерге жеткенін қалаймыз", - деп жауап қатты акцияға қатысушылардың бірі.

Жұмысшылардың наразылығынан соң Indorama Agro басшылығы айлықты екі миллион сумға ($190) көтеріп, қосымша жеңілдіктер ұсынған.

– Жалақыны жұмыс көлеміне қарай қысқартты. Кейбір жұмысшының жалақысы миллион сумға да жетпей қалды. Indorama Agro басшылығы бізді адам құрлы көрмейді. Бұрын жақсы төлейтін, астық беретін. Біздің наразылық акциямыздан соң басшылық Сингапурмен жалақыны екі миллион сумға дейін көтеру жөнінде келіссөз жүріп жатқанын хабарлады. Бұған қоса, олар мақта жиналған соң бос жатқан жерді диқандарға уақытша береміз деді. Бұрын солай болған, - дейді Indorama Agro жұмысшысы.

Indorama Agro кәсіпорыны Сингапурдағы Indorama компаниясына қарайды. Былтыр ашылған кәсіпорын Сырдария облысының Акалтын және Сардоба аудандарында жұмыс істейді.

Indorama Agro Өзбекстанда мақта өсіруі үшін үкімет кәсіпорынға 24 мың гектар жерді 49 жылға жалға берген. Жыл басында кәсіпорын жұмысшыларды жаппай қысқартып жатқаны мәлім болды.

XS
SM
MD
LG