Ссылки доступа

Бішкекте мұсылмандардың діни басқармасы алдында наразылық акциясы өтіп жатыр


Бішкекте Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы алдында наразылық акциясы өтіп жатыр. Мүфтияттағы жемқорлыққа наразы азаматтар ғимарат алдына киіз үй тігіп қойды.

Олар діни басқармадағы жемқорлықты жоюды, Аалымдар кеңесінің (үлемдер) сайлауына қазіргі мүшелерін қатыстырмауды талап етті.

Бүгін, 21 мамырда, мүфтият басшысы қызметіне байқау өтеді. Оған алты адам қатысып жатыр.

Сонымен бірге 22 мамырда діни басқарманың ревизиялық комиссиясы төрағасын сайлау, ал 24-25 мамырда Аалымдар кеңесінің VII шақырылымындағы мүшелерін сайлау өтеді.

Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы басшысы Мақсатбек Токтомушев 10 ақпанда ұсталды. Бір күн бұрын ол өз еркімен қызметтен кеткен. Қазір мүфти қызметін оның орынбасары Жоробай Шергазыев атқарып жүр.

Арнайы қызмет мүфтияттың бас бухгалтері Женишбай Бекиевті пара алып жатқанда ұстады. Токтомушевты 11 ақпанда ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен босатты, ал Бекиев 11 наурызда үйқамаққа ауысты.

Тергеу нұсқасымен, мүфтият басшылығы қажылыққа баратындар өткізген ақшаны жекеменшік қаржы институттарына беріп, содан пайыздық табыс алып отырған. Арнайы қызметтегілердің мәлімдеуінше, қаржы операциясы ашылып қалған соң мүфтият комитет қызметкерлеріне 100 мың доллар пара ұсынған.

XS
SM
MD
LG