Иззат Амон (Иззатулло Холов) 25 наурызда Мәскеуде "жоғалып", екі күннен соң Тәжікстаннан шықты. Тәжікстанның ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Иззат Амонның үстінен "алаяқтық жасады" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Құқыққорғаушының туыстары тағылған айыпты дәлелсіз деп атады.
Исмоили Сомони аудандық соты 25 мамырда Иззат Амонды қамауда ұстау мерзімін екі айға созу туралы өтінішті қанағаттандырды. Он бір адам Иззат Амонға ақша бергенін, құқыққорғаушы оны жеке мақсатына жаратқанын айтқан. Иззат Амонның үстінен шағымданушылар көбейді, бұның алдында сегіз арызданушы болған, дейді құқыққорғаушының ұлы Мұхаммадюсуф Холов. Ол әкесінің қамаудағы мерзімі ұзартылғанын растады.
Иззат Амон мен оның жақтастары тағылған айыпты "қолдан құрастырылған" деп, істі "саяси астарын" меңзеген. Бұның алдында олар қысымға ұшыраған мигранттар оның үстінен арыздануға мәжбүр болғанын айтқан.
Еске салайық, 2 сәуірде Тәжікстанның екі жүзге жуық азаматы Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігінің алдына жиналып, Иззат Амонды босатуын талап етті. Сол кезде полиция ондаған адамды ұстады.
48 жастағы Иззат Амон Мәскеуде Тәжіктер орталығын басқарады. Ол еңбек мигранттарына құқықтық және материалдық көмек берген. Иззат Амон тәжік үкіметінің саясатын өткір сынап жүр.