Ссылки доступа

Тәжікстанда ковид жұқтырған науқас туралы айтқан шенеунік қызметтен алынды


Абдумавлон Абдуллозода

Тәжікстанның мемлекеттік санитария және эпидемиология бақылауы қызметінің Соғды облысындағы бөлімінің басшысы Абдумавлон Абдуллозода қызметтен алынды. Бір апта бұрын ол аймақта COVID-19 тіркелгенін айтқан. Тәжік билігі қаңтарда коронавирусты "толық жеңдік" деп мәлімдеген.

Соғды бөлімінің басшысы қызметіне Тахмина Усмонова тағайындалды. Ол бұған дейін Худжанд қаласының санэпидорталығын басқарған.

19 мамырда Абдумавлон Абдуллозода Сауд Арабиясының 47 жастағы азаматы Мансұр Әли Қасым коронавирус белгілерімен Худжанд қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына түскенін хабарлаған. "Коронавирус бар-жоғын анықтайтын тест оң нәтиже көрсетті. Сауд Арабиясының азаматы карантинге ауыстырылды", - деген Абдуллозода.

Тәжікстанның денсаулық сақтау министрлігі биыл қаңтарда елде коронавирус жұқтырған науқас қалмады деп мәлімдеген. Сарапшылардың бірқатары Абдумавлон Абдуллозоданың қызметтен алынуын COVID-19 жұқтырған науқас туралы мәлімет беруімен байланыстырады.

Абдумавлон Абдуллозода Азаттық радиосының тәжік қызметіне қызметтен не себепті алынғанын айтпады. Ол бұл қызметте жарты жыл ғана жұмыс істеді.

Ресми мәлімет бойынша, эпидемия басталғалы бері Тәжікстанда 13 мың 308 адам коронавируспен ауырған, 90 адам қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG