Ссылки доступа

Тәжікстандағы жалғыз оппозициялық партияның басшысы Рахматилло Зойиров төрағалықтан кетті (видео)


Рахматилло Зойиров
Рахматилло Зойиров

Рахматилло Зойиров Тәжікстандағы жалғыз оппозициялық партия - Социал-демократиялық партия төраағасы қызметінен кетті. 64 жастағы саясаткер партияның саяси кеңесіне қызметтен кету туралы өтініш бергенін 26 мамырда Озоди радиосына айтты.

Рахматилло Зойировтың айтуынша, қазір Тәжікстанның социал-демократиялық партиясын 41 жастағы Киемиддин Азизов басқарып отыр.

Еске салайық, 2018 жылы партияның кейбір мүшесі Рахматилло Зойировтың төрағалықтан кетуін талап еткен. Сол кезде саясаткер партияны қайта біріктірмейінше басшылықтан кетпейтінін мәлімдеген.

26 мамырда Озоди радиосына сұқбат берген Рахматилло Зойиров партия төрағалығынан денсаулығына байланысты кеткенін айтты. "Соңғы кездері аяғым ауырып жүр. Былтыр 20 қыркүйекте аяғымды қатты ауыртып алдым. Әлі жазылмады, сол себепті төрағалықтан кету туралы арызды партияның саяси кеңесіне өткіздім. Емделуім керек", – деп мәлімдеді саясаткер.

"20 жылдан астам уақыт партия басқардым. Аз емес", дейді төрағалықтан кетуінің тағы бір себебін меңзеген Зойиров.

Тәжікстанның социал-демократиялық партиясы 1999 жылы ресми түрде тіркелді. Саяси ұйымды осы уақытқа дейін Зойиров басқарып келді.

Биыл наурызда партияның кезекті съездінде партияның жаңа басшылығы сайлануы тиіс болған. Алайда жиын өтпей қалды. Өйткені саяси ұйым белсенділерінің көбі шетелде жүрген. Партия форумы қашан өтетіні әзірге белгісіз.

Социал-демократтар елдегі бірнеше парламент сайлауына қатысты, бірақ бес пайыздық межені бірде-бір рет еңсере алмады.

XS
SM
MD
LG