Ссылки доступа

"Эрк" партиясы танымал әншіні Өзбекстан президенттігіне үміткер ретінде ұсынды (видео)


26 мамырда Өзбекстанның "Эрк" («Ерік») партиясы танымал әнші Жахонгир Атажановты биыл қазан айында өтетін президент сайлауына үміткер ретінде ұсынды.

"Эрк" партиясының белсендісі Абдусалом Эргашев жиын кезінде кедергілер болғанына қарамастан, партия мүшелерінің бірауыздан Атажановтың кандидатурасын бекіткенін жеткізді.

"26 мамырда сағат 11.00 шамасында Ташкентте Атажановтың үйінде жиналыс өтіп жатқан кезде, жиырмаға жуық белгісіз адам басып кіріп, отырысты бұзбақшы болды. Бірақ оған дейін қатысушылар Атажановтың кандидатурасын бекітіп үлгерді. Қазір біз "Эрк" партиясы ресми түрде Жахонгир Атажановты Өзбекстан президенттігіне үміткер ретінде ұсындық деп айта аламыз", - деді Эргашев.

Әншінің өзі Instagram парақшасына белгісіз адамдардың үйіне баса-көктеп кіріп, өзін балағаттап, жұмыртқа лақтырғанын жазды.

"Эрк" партиясының белсенділері бұл шабуылдың артында Өзбекстанның қазіргі президенті тұр деп есептейді.

– Шабуыл бірінші рет болып тұрған жоқ. Осыған дейін партия мүшесі Хидирназар Аллакуловқа да шабуыл жасалды. Мұның бәрі жоғарыдан берілген тапсырмалар, - дейді Абдусалом Эргашев.

Өзбекстан билігі әзірге бұл оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді.

Шабуыл Ташкентке ЕҚЫҰ-ның Адам құқықтары және демократиялық институт жөніндегі бюроның миссиясы келген кезде болған.

Былтыр желтоқсан айында 42 жастағы Жахонгир Атажанов сахнадағы мансабын шариғат заңына қайшы келетіндіктен аяқтағанын мәлімдеген.

Өзбекстанның сайлау заңына сәйкес президенттікке үміткерлерді тек саяси партиялар ғана ұсына алады.

Президент Шавкат Мирзияевтің өзі әзірге өзінің кандидатурасын ұсынбады.

"Эрк" демократиялық партиясы 1991 жылдың қыркүйек айында әділет министрлігінде ресми тіркелген.

XS
SM
MD
LG