Ссылки доступа

Душанбеде жолаушылар наразылығынан кейін Ресейге бірнеше рейс ұшыруға рұқсат берілді


Душанбе әуежайында жолаушылар наразылық білдіргеннен кейін, тәжік билігі "Северный ветер" әуе компаниясына Ресейдің бірнеше қаласына рейстер ұшыруға рұқсат берді.

Әуежайдың баспасөз қызметі 27 мамыр күні кешкісін Иркутск және Қазан қалаларына ұшақтар ұшқанын мәлімдеді. Санкт-Петербургке рейс бүгін ұшады.

Жолаушылар сөзінше, олардың қолында билет барына қарамастан, бір аптадан бері Ресейге ұшып кете алмай жатыр. Сәрсенбі күні наразылық білдірушілермен жолыққан Тәжікстанның Азаматтық авиация агенттігінің басшысы бұл мәселені шешуге уәде берген.

Өткен аптада Тәжікстанның Азаматтық авиация агенттігі билет бағаларының қымбат екеніне байланысты "Северный ветерге" берілген лицензияны қайтарып алған. Әуе компанияның ресми өкілдері биліктің мұндай айыптауын теріске шығарып, билет бағасын қымбаттатпағанын мәлімдеген.

Тәжікстан мен Ресей 1 сәуірден бастап тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіргенін жариялағанына қарамастан, азаматтар әуе билеттердің қымбаттығына және сатып алған билеттерімен ұшып кете алмай жатқанына наразылық білдірген.

Бүгінгі күні Тәжікстан мен Ресей ортасында рейстерді атқару құқығына "Сомон Эйр", "Орал әуе жолдары", UTair, "Сибирь" және "Ямал" әуе компаниялары ие.

XS
SM
MD
LG