25 мамырда Свердлов областық соты аудандық сот шешімінің күшін жойды. Бұл туралы Орал босқындары қауымдастығының президенті Людмила Лукашева хабарлады. Ол Розиков мүддесін сотта қорғаған. "Саиднуриддин Розиков 2000-жылдан бері Ресейде тұрады, Ресей Федерациясының азаматы саналады", деді ол әлеуметтік желіге жариялаған видеосында.
Лукашеваның айтуынша, сотта облыстық соттың судьясы прокуратура мен аудандық сот өкілінен Розиковты азаматтықтан не себепті айырғанын сұраған. "Розиков ешкімнің рұқсатынсыз үйін дуалмен қоршап, өзгенің бір метр жерін меншіктеген, деп жауап берді олар. Облыстық сот бұны Ресей азаматтығынан айыруға негіз бола алмайды деп санап, аудандық сот шешімінің күшін жойды", - деді Лукашева.
"Біз облыстық сот шешімін құптаймыз. Бірақ Розиковты, туыстарының айтуынша, Тәжікстанның құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұрлап әкетіп, Душанбеге жеткізген", деп мәлімдеді Лукашева.
Адвокат Режевск аудандық прокуратурасына қорғауындағы азаматты ұрлап әкеткені туралы арыз бергенін хабарлады.
Діндар Саиднуриддин Розиков биыл наурызда жұмбақ жағдайда жоғалып кетті. Оның ұлы Мұхаммад Розиковтың айтуынша, әкесіне белгісіз біреу хабарласып, өзін аудандық әкімшілік шенеунігімін деп таныстырған. "Әкем киініп, кетіп қалды. Келесі күні оның Душанбеде екенін білдік", - деді ол.
Тәжікстан ішкі істер министрлігіндегі дереккөз 29 наурызда Саиднуриддин Розиков Тәжікстанда екенін, оған тыйым салынған "Салафия" діни ағымына қатысы бар деген айып тағылғанын айтты. Қылмыстық істі Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қызметкерлері тергеп жатыр, деді дереккөз.
Бір аптадан соң Саиднуриддин Розиков әлеуметтік желілерге жариялаған видеосында оны Ресейде белгісіз біреулер ұрлап әкетіп, тәжік билігіне тапсырғанын мәлімдеді. "ҰҚМК мені тексеріп, кінәсіз екенімді дәлелдеді. Қазірді бостандықтамын, Душанбедегі бауырымның үйінде тұрып жатырмын", деп хабарлады діндар.
Саиднуриддин тәжік билігінен Ресейге жеткізуін талап еткен. "Ресейде менің алты жастағы балам ауырып қалды. Әйелім қиын жағдайда қалды. Құжаттарым жоқ, Ресейге қайту қиын болып тұр", дейді ол.