Ссылки доступа

20-дан астам өлке Беларусьтен Протасевичті және өзге де журналистерді босатуды талап етті


БАҚ еркіндігі бойынша ғаламдық коалицияға мүше 20-дан астам өлке сенбі күні бірлескен мәлімдеме жасап, беларусь билігінен журналист Роман Протасевичті, сонымен бірге кәсіби жұмысын атқарғаны үшін қамалған журналистерді босатуды талап етті.

АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің сайтында жарияланған үндеулерде олар Протасевичтің қамалғанын және ұшақ бағытын күшпен бұрған әрекетін айыптады.

"Бұл шектен шыққан және адамды шок қылған қадам, ақпарат құралдарына жасалған толыққанды шабуыл. Бұл еркін пікір білдіруге, өз ойын еркін айту құқығына кедергісін тигізуі мүмкін", - деп жазылған мәлімдемеде.

21 мемлекет үкіметі қол қойған мәлімдемеде Беларусьта былтыр 400-дей журналист және медиа қызметкер әртүрлі қуғындауға тап болғанын атап өткен.

БАҚ еркіндігі бойынша ғаламдық коалиция 2019 жылы Ұлыбритания мен Канаданың сыртқы істер министрлерінің бастамасымен құрылған. Оған Австрия, Канада, Чехия, Германия, Швейцария, Украина, Ұлыбритания және АҚШ секілді 20-дан астам мамлекет мүше.

23 мамырда беларусь билігі ирландиялық ұшақты Афиныдан Вильнюсқа бара жатқан жерінен Минск қаласына күштеп қондырып, ішіндегі оппозициялық журналист Роман Протасевичті қамауға алған.

Ресми Минск "ұшаққа бомба қойылған" деген мәлімет түскенін айтқан. Кейін ол жалған болып шыққан. 26 жастағы Протасевичке "Беларусьта жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айып тағылды. Бұл бап бойынша ол 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG