Ссылки доступа

Президенттіктен үміткер әнші өзіне шабуыл жасағандарды жазалауды сұрайды


Саясаткер, бұрынғы әнші Жахонгир Атажанов Ташкент қалалық прокуратурасынан 26 мамырда үйіне баса-көктеп кіріп келіп, жанжал шығарған кісілерді тауып, жазалауды сұрады.

Өткен аптада белгісіз бір топ адам оппозициялық "Эрк" партиясының құрылтайы өтіп жатқан Жахонгир Атажановтың үйіне басып кіріп, жұмыртқа лақтырған.

Әлеуметтік желілерде тараған видеодо белгісіз адамдар құрылтайдың қатысушыларына қарсы жанжал шығарғанын көруге болады.

Жахонгир Атажанов прокуратурадан ұрыс шығарған топқа қарсы бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғауды талап етті.

"Олар мені бөлмеден шығармай қойды, үйіме рұқсатсыз басып кірді, жұмыртқа лақтырды, делегаттарға және екі журналистке тіл тигізді".

Өзбекстанның бас прокуратурасы Атажановтың арызы бойынша түсініктеме бермеді.

Жахонгир Атжановқа шабуыл жасалғанына қарамастан, "Эрк" партиясы оны президенттікке үміткер ретінде атады.

42 жастағы өзбекстандық әнші Жахонгир Атажанов былтыр музыкалык мансабын тоқтатып, қаңтар айында саясатпен айналысатынын, президенттік сайлауға қатысатынын мәлімдеген.

Көп өтпей Атажановтың Ташкент қаласындағы кеңсесіне белгісіз әйелдер келіп, бұл жер сауықхана екенін және есірткі сатылатынын айтып, полиция шақырған.

Жахонгир Атажанов Өзбекстандағы қысымдарға шыдамай отбасымен биыл наурыз айында Түркияның Стамбұл қаласына ұшып кеткен. Мамыр айының 12-де ол Өзбекстанға оралған.

Өзбекстанда президент сайлауы биыл қазан айының 24-де өтеді. Бірақ ресми үміткерлердің аты-жөні әлі белгісіз.

Президент Шавкат Мирзияев екінші рет сайлауға түсетіні айтылады.

XS
SM
MD
LG