Ссылки доступа

Қырғыз депутаты не денсаулық сақтау министрі, не парламент кетуі керек деп мәлімдеді


Жогорку Кеңештің депутаты Сайдулла Нышанов 31 мамырда парламенттің Бюджет және қаржы комитетінің жиынында денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Алымкадыр Бейшеналиевтің қызметін сынға алды.

Депутат министр коронавирусты уқорғасынмен емдеу ұсынысы арқылы қырғыз медицинасын, жалпы елді әлемге ұят еткенін сөзге тиек етті.

"Сіз президенттің артында тұрып алып мәлімдеме жасайсыз. Өзіңізді шақырсақ, келмейсіз. "Керек болса парламентті кетірем" дейсіз. Мен үш шақырылымда депутат болып, сіздің сөйлеген сөздеріңізді жақсы білемін. Бірақ аяғы жақсы біткен жоқ. Парламент, не сіз (Алымкадыр Бейшеналиев) кетуіңіз керек. Депутаттар, біз осыны шешуіміз керек", - деді Нышанов.

Министр Бейшеналиев COVID-19 вирусын уқорғасынмен емдеу туралы ақпарат медиаға тарап кеткендіктен, оған түсініктеме беруге тура келгенін жеткізді. Онымен Қырғызстанда 300-400-дей адамға клиникалық тәжірибе жүргізгенін және оның қорытындысын күтіп жатқанын атап өтті.

Сәуір айында Бейшеналиев брифинг өткізіп, коронавирусқа қарсы емдеуде уқорғасын деп аталатын шөптің тамырын қолданып жатқанын айтқан. Ол журналистер алдында бұл шөптің тұнбасын ішіп, оның зиянсыз екенін білдірген. Министр тұнбаны президент Садыр Жапаров екеуі дайындап, дәрігерлерге емдеуді үйретіп жатқанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG