Ссылки доступа

Душанбеде милициядан қашқан оқушылар ойын орталығының үшінші қабатынан секірген


Архивное фото
Архивное фото

Тәжікстан астанасында бір топ оқушы милиция тексеріп жатыр дегенді естіп, компьютерлік ойын орталығының үшінші қабатынан секірген.

Мәліметтерге қарағанда, жасөспірімдердің бірнешеуі майып болған, тағы біреуі ауруханаға түскен. Мұғалімдер мен ата-аналар бір-бірін айыптап отыр, ал прокуратура әкімшілік іс қозғады.

Оқиға 26 мамырда Душанбенің Фирдауси ауданында, Корвон базырынының жанындағы компьютерлік ойын орталығында болған. Қазір орталық есігіне мөр басылып тұр.

Куәгерлердің айтуынша, кем дегенде жеті оқушы үшінші қабаттан секірген. Олар аяғын, қолын, тағы біреулері басы мен қабырғасын жарақаттаған.

Астанадағы №5 орта мектептің тоғызыншы сынып оқушысы Д.К. милицияға ұсталмас үшін үшінші қабаттан секіріп, желкесін жарақаттап алған. Ол қазір ауруханада жатыр.

№ 5 орта мектеп директорының орынбасары Рустам Нурматов оқиғаның сабақ аяқталған соң болғанын, оқушылардың ойын залына баруына ата-аналар кінәлі екенін айтты.

"Жасөспірімдерге компьютерлік орталықтарға кіруге тыйым салынса, онда мұндай мекемелер неге балаларды кіргізеді? Орталықтар неге жабылмайды?" - деп шағымданды 16 жастағы оқушының анасы Тахмина.

Прокуратура осы оқиғаға қатысты әкімшілік іс қозғалғанын және мұғалімдерден, ата-аналардан, компьютерлік орталық қызметкерлерінен жауап алынатынын хабарлады.

XS
SM
MD
LG