Ссылки доступа

"Балаларды әке-шешесімен қауыштырсын!" Қытай консулдығы алдындағы наразылыққа 114 күн (видео)


1 маусым – Балаларды қорғау күні Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында Шыңжаңнан жақындарын қайтаруды талап еткен 20 шақты адам наразылық акциясын өткізді.

Алматыдағы акцияға шамамен 120-280 шақырым жердегі Жаркент, Шелек елді мекендерінен де адамдар келіп қатысты. Кейбірі бала-шағаларын да ертіп келді.

– Қайным Серік Бабайұлы, келінім Ұлжалғас Нұрғазықызының Қытайға кетіп, әлі оралмағанына бір жыл алты ай болды. Олар үйқамақта отыр. Екі баласы менде. Біреуі алтыға келді, біреуі төртте. Не мектеп алмайды, не ауруханаға көріне алмайды. Отбасында біраз қиындығымыз бар. Енеміз сырқат. Қант диабетімен ауырады. Үш адамды бірдей баққаныма 1,5 жыл болды. Не шекараны ашып, баланы әке-шешесімен қауыштырсын не болмаса ол жақтағы әке-шешесін бері қарай жіберсін. Бір отбасыны екіге бөлмесін. Талабым осы, – деді Шелек өңірінен келген Жайнагүл Егінбай Азаттық тілшісіне.

Қазақша киінген кейбір балалар әке-шешесінің суреттерін ұстап тұрды.

Полиция шараны сырттай бақылады. Жергілікті әкімдік өкілі келіп, акцияның "заңсыз" екенін айтып, ескертіп кетті.

Алматыдағы Қытай консулдығы алдында наразылықтың өтіп жатқанына осымен 114 күн болды. Наразылар Қытай билігінен Шыңжаңда қалған жақындарын қайтаруды талап етеді. Онда қалғандардың кейбірі түрмеге қамалған. Жақындары оларды Қытай полициясының негізсіз қамағанын алға тартады.

Ақпан айында басталған наразылыққа қатысқандардың кейбірі бұған дейін екі рет әкімшілік жазаға тартылған. Наразылар осыған дейін консулдықтан бөлек, қаладағы Қытайға қатысы бар мекемелер: Қытай банкі, Синойл компаниясы алдында да акция өткізген.

Үш айдан астам уақыт аралығында Қытай консулдығынан наразылардың алдына ешкім шыққан жоқ.

XS
SM
MD
LG