Ссылки доступа

Гүлнара Каримованың адвокаттары БҰҰ-дан өзбек билігінің оны түрмеде ұстауы заңсыз деп тануын сұрады


4 маусымда Гүлнара Каримованың швейцариялық адвокаттары БҰҰ-ның мәжбүрлі түрде заңсыз қамауда ұстау жөніндегі жұмыс тобына арызданды.

Адвокаттар БҰҰ-дан өзбек билігінің Каримованы түрмедеу ұстауын заңсыз деп тануын сұрады. Шағымда Гүлнара Каримованың басты құқықтары қамауда үнемі бұзылатыны айтылған.

"2014 жылғы ақпанда Гүлнара Каримованы ұрлап әкеткен соң ол соттың басталуын 18 ай күтті. Әдейі ұйымдастырылған айыптар негізінде үш сот болды. Олардың бәрі жабық өтті. Ол адвокаттарымен еркін сөйлесіп, іс материалдарымен таныса алмады", - делінген адвокаттар шағымында.

Еске салайық, Ташкент облысы Зәңгіата ауданындағы №21 әйелдер колониясында отырған 49 жастағы Гүлнара Каримова биыл наурызда түрмедегі азаптаулар туралы жазған өлеңдерін жолдаған.

Одан соң, сәуір айында Гүлнараның қызы Иман Каримова Лондоннан Ташкентке келіп, 13 жыл түрме жазасын өтеп жүрген анасымен кездестірмегенін мәлімдеді.

2019 жылы Каримованың швейцариялық адвокаттарының бірі Грегуар Манжа (Grégoire MANGEAT) Өзбекстанға кіре алмады. Сол кезде Өзбекстанның бас прокуратурасы шетел адвокаттарының ел аумағындағы қызметіне тыйым салынғанын мәлімдеді. Өзбек билігі Гүлнара Каримованың түрмеде құқықтары бұзылып жатыр деген айыптауларды жоққа шығарып отыр.

XS
SM
MD
LG