Ссылки доступа

Навальныйды түрме ауруханасынан колонияға ауыстырды


Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный Владимир облысындағы түрме ауруханасынан Покров қаласындағы колонияға ауыстырылды.

Бұл туралы дүйсенбі күні Навальныйдың түрме әкімшілігі үстінен түсірген шағымы бойынша өткен сот тыңдауында белгілі болды. Ақпан айында сот үкімі шыққаннан кейін саясаткер осы Покров абақтысына жіберілген еді.

Навальный екі аптадан астам уақытқа созылған аштық акциясынан кейін яғни, 18 сәуірде Владимир облысындағы түрме ауруханасына жатқызылған. Ауруханада оппозиционерді азаматтық дәрігерлер қарады, тек осыдан соң ол аштық акциясын тоқтатқан.

Дүйсенбі күні сот отырысы кезінде Навальный келетін басылымдарға байланысты түрме әкімшілігі үстінен жазған шағымынан бас тартты. Оппозиционердің айтуынша, колония кейбір кезде басылымдардағы кейбір мақалаларды қиып отырған. Ал түрме басшылығы оны жоққа шығарған. "Мен шағымымды қайтарып алғым келеді, себебі біз қазір заңдық тұрғыда ешқандай цензура жоқ екені анықталған сәтте тұрмыз" деді.

Оппозиционер сонымен бірге Құран бермегені үшін түрме әкімшілігінің үстінен түсірген шағымды қайтаруды сұрады. "Қазір менде Құран да бар, Владимир Сорокиннің соңғы кітабы да бар, тіпті Библия да бар. Мәселе бір ізге түсті. Мұнда маған кітапты бергені және осы тәжірибені жүйелегеніміз маңызды" деді ол. Сот екі істі тоқтатуға келісті.

2 ақпанда Мәскеудің Симонов соты Алексей Навальныйды 2013 жылғы "Ив Роше" ісі бойынша шартты жаза ережелерін орындамады деп танып, шартты жазаны түрмемен ауыстырған. Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты істің саясиланғанын айтқан. Оппозиционер түрмеде 2,5 жыл отыруы тиіс.

XS
SM
MD
LG