Ссылки доступа

Сот Мамайды Байбек туралы фильмді өшіруге міндеттеді


15 маусымда Алматының Әуезов аудандық №2 сотында "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен саяси белсенді Жанболат Мамай арасындағы дауға қатысты сот шешімі оқылды.

Сот Жанболат Мамайды шенеунік жайлы шығарған фильмді өшіруге міндеттеді. Судья Байбекті жемқорлық жасады деп айыптаған фильмдегі мәліметтер шындыққа жанаспайды деп тапты. Осылайша Байбектің "ар-намыс пен беделге нұқсан келтіру" бойынша сотқа түсірген шағымы толық қанағаттандырылды.

Судья Райхан Сартаева сот шешімін шығарғанда талапкер және жауапкер тарап ұсынған құжаттарды "толық зерттегенін" атап өтті.

"Сот шешім күшіне енгеннен кейін он күннің ішінде 28 минут қазақша және 26 минут орысша шыққан фильмді өшіруді міндеттеді. Бірақ біз өшірмейміз. Сот шешімін апелляцияға береміз. Қазақстандағы соттардан өтіп, халықаралық ұйымдарға шағымданамыз. Бұл сөз бостандығын тұншықтыру" деді соттан кейін жауапкердің бірі Инга Иманбай Азаттық тілшісіне.

Осыған дейін Бауыржан Байбек аталған фильмге байланысты Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың үстінен "ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіру" бабы бойынша сотқа шағым түсірген еді. Жауапкер жақ шағыммен келіспеген.

Байбектің шағымы фильмде өзі Алматы әкімі болған кездегі қызметіне қатысты айтылған айыптауларды ғана қамтиды. Шағымда оның отбасы мүшелерінің компаниялары, кәсіпкер Ахметовтер отбасымен байланысы жайлы ақпаратты терістеу туралы талап жазылмаған.

Мамай бұған дейінгі сот отырыстарында Байбектің Ахметовтер туралы ақпаратты қозғамағанын ілік етіп, "бұл - кінәсін жартылай мойындауы" деп мәлімдеген. Мамай "Байбек кәсібі мен жемқорлық күдігі бар істерін Ахметовтер отбасы арқылы жүзеге асырады" деп болжайды.

Ал Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек "Мамай сотқа қажетті айғақтар ұсына алмады, айтқаны тек жала" деп мәлімдеген.

Шенеунік пен саяси белсенді арасындағы дауға қатысты негізгі сот процесі 14 маусымда басталған. Жауапкер жақтың айтуынша, сот бір күннің ішінде осы іс бойынша шешім шығаруға тырысқан. Тек жауапкерлердің қарсылығынан кейін сот шешімін оқуды ертесіне қалдырған.

Жанболат Мамай против Бауржана Байбека: как проходит суд по делу о клевете
пожалуйста, подождите

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

Бұған дейін Мамай тарабы судьяның тәуелсіздігіне күмән келтіріп, екі рет оны ауыстыру туралы өтініш берген. Бірақ өтініштері қанағаттандырылмады.

Байбек пен Мамай арасындағы даудың туындауына сәуір айында шыққан фильм-зерттеу түрткі болған. Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптаған.

Ал Байбектің заңгері жауапкерлер бұл сөздерді "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуі тиіс" деп сотқа шағымданған.

Сейсенбі күні сот жоғарыда айтылғаннан бөлек, Мамай мен Иманбайды 860 мың теңге көлемінде сот шығынын төлеуге міндеттеді. Олар психологиялық-лингвистикалық сараптамасы үшін 75 мың теңге төлеуі де тиіс.

XS
SM
MD
LG