Ссылки доступа

Блогер Отабек Саттори ісі бойынша апелляциялық сот Самарқанд облысында өтеді


Өткен айда Сұрқандария облысы Музрабад аудандық соты Отабек Сатториді 6,5 жылға соттау туралы үкім шығарған. Апелляциялық сот Самарқанд облысының қылмыстық істер жөніндегі сотында өтеді.

Блогердің адвокаты Умидбек Давлетовтің хабарлауынша, соттың қайда өтетіні 11 маусымда белгілі болған, бірақ қай күні өтетіні әзірге белгісіз.

Сатторидің туыстары мен адвокаты істің басқа облыста қаралуын талап еткен.

– Қазір ол Сұрқандария облысы ішкі істер департаментінің тергеу изоляторында отыр. Оның жағдайы жақсы, ешқандай шағым жоқ, – деді адвокат Умидбек Давлетов.

Еске салайық, 10 мамырда Музрабад ауданды соты блогер Отабек Саттори ісі бойынша үкім шығарды.

Сот Сатториді "ақша бопсалау", "жала жабу" айыптары бойынша кінәлі деп тауып, оны 6 жыл 6 айға соттады.

Прокурор 11 жыл сұраған.

"Біз сот шешіміне наразымыз. Бұны халық көріп отыр. Сот үкімі әділ емес. Біз апелляциялық шағым түсіріп, күресті жалғастырамыз", - деп мәлімдеген адвокат Умидбек Давлатов.

Отабек Саттори Telegram мен YouTube-те "Халк фикри" видеоблогын жүргізіп, билікті өткір сынаған.

Бірқатар халықаралық ұйымдар Өзбекстан үкіметінен блогер Отабек Сатториді босатуын талап етті. "Хьюман Райтс Вотч" және "Шекарасыз тілшілер" ұйымдары блогер Отабек Сатториге шығарылған сот үкімін сынады.

XS
SM
MD
LG