Ссылки доступа

Өзбекстанда оппозициялық "Эрк" партиясының съезіне қатысқандарды тергеп жатыр


Өзбекстанда оппозициялық "Эрк" партиясының өткен айдағы құрылтайына қатысқандарды жаппай тергеуге шақырды.

Партия белсендісі Абдусалом Эргашевтің хабарлауынша, Ферғана облысы милициясының тергеушісі оны әнші Жахонгир Атажановтың үйіндегі "жанжалға" қатысты іс бойынша куәгер болуға шақырған, бірақ оппозициялық партия қызметі туралы сұраған.

– Тергеуші маған Атажанов үйінде ұйымдастырылған шабуылға қатысы жоқ сұрақтар қойды. Оларға не керек екенін түсінбедім, – дейді Абдусалом Эргашев.

Еске салайық, биыл 26 мамырда бұрынғы әнші Жахонгир Атажановтың Ташкенттегі үйінде оппозициялық "Эрк" партиясының шұғыл құрылтайы өтті. Партия белсенділері Атажановты Өзбекстан президенті сайлауына қатысатын үміткер деп бекітті.

Ташкенттегі дереккөздің хабарлауынша, тергеуге партия белсенділерін ғана емес, блогерлер мен фотожурналист Умида Ахмедова да шақыртылған.

13 маусымда Жахонгир Атажанов құрылтайға қатысқандарды Ташкент милициясы төрт сағат бойы тергегенін хабарлады.

Оның айтуынша, биыл 26 мамырда оның үйіне "ұйымдасқан топ" шабуыл жасаған. Әнші шабуылды оның үйіндегі бейнебақылау камералары түсіріп алғанын мәлімдеді.

Өзбекстандағы президент сайлауы биыл 24 қазанда өтеді. Сайлауға түсетін кандидаттарды саяси партиялар ғана ұсына алады.

Жахонгир Атажанов пен басқа да белсенділердің Өзбекстан ішінде оппозициялық партия құруға талпынысы үлкен кедергілерге тап болды.

XS
SM
MD
LG