Ссылки доступа

БҰҰ өзбек билігін бұрынғы дипломатты түрмеден босатуын сұрады


БҰҰ-ның мәжбүрлеп қамауда ұстау мәселелері жөніндегі жұмыс тобы бұрынғы дипломат Кодиржон Юсупов ісіне қатысты қорытындысын жариялады. Юсупов Өзбекстандағы түрмелердің бірінде отыр.

15 беттік қорытындыда әділетсіз сотталған Юсупов адам төзгісіз түрмеде отырғаны, оның құқықтары бұзылғаны айтылған.

Бұның алдында хабарланғандай, 68 жастағы Кодиржон Юсупов 2018 жылы мемлекеттік сатты деген айыппен 5 жыл және алты айға сотталды. Оның отбасы мен адвокаты БҰҰ-ға арызданды.

Юсупов жазасын Навои облысындағы колонияда өтіп жүр. Биыл сәуірде ол 14 күнге айып изоляторына қамалған.

"Юсупов отырып шыққан айып камерасының ауданы - бар болғаны 1.5 x 2 шаршы метр ғана. Камерада темір үстел, төсек және жыртық жапқыш болған. Камерада әжетхана жоқ, жалғыз ғана тесік болды. Дереккөз мәліметіне қарағанда, күндіз Юсуповтың көрпесін тартып алып, оны түнде ғана берген".

Сонымен бірге, камерада құрт-құмырсқа, тіпті сары шаян көп болған деленген БҰҰ құжатында.

Қорытынды соңында БҰҰ-ның жұмыс тобы Өзбекстан үкіметінен Кодиржон Юсуповты түрмеден тез арада босатуын талап етті.

Кодиржон Юсуповтың Ұлыбританияда тұратын ұлы Бабур Юсупов БҰҰ Жұмыс тобының қорытындысын "әділетті" деп сипаттады. "Өмірінің 919 күнін түрмеде өткізген әкем әділдікке жетті. Бірақ өз отаны Өзбекстанда емес, Женевада осындай әділ шешім шықты", – деп жазды Бабур Юсупов твиттердегі парағында.

XS
SM
MD
LG