Ссылки доступа

Белсенділер "Көше партиясын" тыйым салынған ұйымдар қатарынан алып тастауды талап етті (видео)


Алматыда бір топ азаматтық белсенді "Көше партиясы" қозғалысын "экстремистік" деп таныған былтырғы Есіл аудандық сотының қаулысына қарсылық ретінде аштық жариялады.

Олар билікке парламент сот қаулысына құқықтық баға берсін, оның күшін жойсын, қозғалысқа мүше болғаны үшін сотталып, "жазықтан-жазықсыз қудаланғандар" босатылсын деген талап айтып отыр.

Алматының жеті тұрғыны: Бибігүл Иманғалиева (50 жаста), Жұлдыз Полатова (25 жаста), Мейірхан Әбдіманапов (63 жаста), Сағидолла Ақаев (67 жаста), Өмірбек Медеубаев (58 жаста), Ниязбек Юсупов (59 жаста) және Сағат Күлжахановтар (68 жаста) кеше, 20 маусым түстен бері тек су ішіп қана отыр.

Алматылық белсенділер сот қаулысына құқықтық баға беру, оның күшін жою және осы баппен істі болған саяси тұтқындарды босату талаптары жазылған арыз хатты 4-ші маусымда Мәжіліс пен Сенат төрағаларына, Конституциялық кеңес төрағасы мен депутаттарға жолдаған. Онда 15 күнде жауап болмаса, аштық жариялайтындары да ескертілген.

Маусымның 15-і күні келген жауапта, сот қаулысы апелляциялық я кассациялық инстанцияда қаралмағаны, сондықтан бұл қаулы күшін жоймайтыны айтылған. Құқықтық баға туралы айтылмаған.

Наразылар өздерінің талаптары орындалмайынша аштығын тоқтатпайтынын айтты. Өздеріне әзірге жергілікті биліктен ешкім келмеген. Денсаулықтары жаман емес.

Бір күн бұрын Facebook-тағы #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremistsпарақшасында астаналық бірнеше белсендінің алматылықтарды қолдап, аштық акциясына қосылғаны хабарланған еді.

  • Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Қазақстан бас прокуратурасының пікірінше, екі қозғалыс – бір ұйым. Бірақ қозғалыс жақтастары мұны жоққа шығарады. Аталған екі ұйымға шыққан сот шешімдері жарияланбады. Белсенділер сот шешімдерін апелляцияға беруге талпынғанмен нәтиже болмады. Ал Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
  • ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.
XS
SM
MD
LG