Ссылки доступа

Семейде автопарк жүргізушілері сот шешіміне қарсылық білдіріп, тағы жұмысқа шығудан бас тартты


22 маусымда Семейде Semey Bus автопаркінің жүргізушілері тағы жұмысқа шығудан бас тартты.

Автопарктің баспасөз хатшысы Айнұр Сәбитованың айтуынша, жүргізушілер өткен жұма күнгі сот шешімінен кейін жұмысқа шығудан бас тартқан. 18 маусымда сот автопаркке несиеге берілген 170 автобусты тәркілеу туралы шешім шығарған. Бұл сотта "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ мен "Қазақстан даму банкіге" еншілес компания қарсы тарап болған.

– Біз жеңілдік. Сәйкесінше, жұмысшыларға зейнетақы жарнасы төленбейді, парк жабылады, сол себепті жүргізушілер ереуілге шығып отыр, – деді Айнұр Сәбитова.

Қала әкімдігі әзірге түсініктеме бермеді.

"Өнеркәсіпті дамыту қорымен" лизингтік келісім 2018 жылы жасалған. 2020 жылы қор Semey Bus ЖШС-інің қарызы 1,5 млрд теңгеге жеткенін хабарлаған.

Одан бөлек, "СемАз" және Daewoo Bus Kazakhstan компанияларынан сатып алынған автобустардың бір бөлігін жөндеу қажеттілігі де айтылған еді.

"Қазір 170 автобустың 113-і ғана істеп тұр, 57 автобусты жөндеу керек, 10-ы көлік апатына байланысты тұрақта тұр" деді "Өнеркәсіпті дамыту қоры".

2021 жылы 15 сәуірде экономикалық дефолт жариялау туралы шешім қабылданған. Сол кезде автопарк автобустарды ерікті түрде беруден бас тартқан еді, сол себепті сотқа шағым түсірілген.

Ал бұл тұста автопарктің 49 пайызына ие Семей қаласының әкімдігі мен Semey Bus компаниясы жағдайға бір-бірін кінәлап отыр. Әкімдік компания басшыларын "тиімсіз басқарды" деп айыптаса, автопарк әкімдікті субсидия беруден бас тартты деп кінәлайды.

"Өнеркәсіпті дамыту қоры" парктің тозығы жеткен техникасын жаңарту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға қатысқан. Сол үшін 26 млрд теңге бөлінген. Келісім-шартқа сәйкес, автобустар, комбайндар мен тракторлар қазақстандық кәсіпорыннан сатып алынуы тиіс. Бағдарламаны жүзеге асыруға қатысты мәселе тек Семей ғана емес, Атырау, Шымкент қалаларында да туындаған.

XS
SM
MD
LG