Ссылки доступа

Coca-Cola Өзбекстан билігінің тиімді бизнесті тартып алуына қалай көмектесті?


Тегі Ауғанстаннан шыққан америкалық өзбек Мансұр Мақсуди кезінде Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримоваға үйленіп, Ташкентте ірі бизнес бастаған. Көп ұзамай ерлі-зайыптылар арасы суып, Каримова екі баламен Өзбекстанға кетеді. Ажырасудың соңы 20 жылдық жемқорлық дауына ұласады.

Өзбекстанда Coca-Cola компаниясы франшизасындағы мемлекет үлесі саудаға шығарылды. Бұл инвестициялық аукцион соңғы жылдардағы ең ірі сауда болатын түрі бар.

34 млн халқы бар Өзбекстанда алкогольсіз сусын нарығының жартысына жуығы осы франшизаның үлесінде. Мемлекеттің үлесін сату ел қазынасына қосымша ақша әкеліп қана қоймай, оның "жемқорлыққа батқан ел" имиджін өзгертуіне мүмкіндік береді.

Дегенмен бұл сауда қазірдің өзінде күмән туғызып жатыр. Үкімет саудаға қатысқысы келгендер өтінім берсін деп хабарлағаннан бірер апта өткен соң Өзбекстанның жемқорлықпен күрес агенттігі "процесте кемшіліктер бар, сондықтан сауданы қайта өткізу керек" деген мәлімдеме жариялап, көп ұзамай онысын алып тастады. Саудаға қатысатындардың қысқа тізіміне қазіргі президент Шавкат Мирзияевтің күйеу баласымен байланысы бар компания да кірді.

Мұның артында бұдан да үлкен проблема тұр, ол - жиырма жылдан бері жүріп жатқан аса даулы сот процесі. Ол сотқа Өзбекстанның бұрынғы деспот басшысы Ислам Каримовтың үлкен қызы, вашингтондық аса ықпалды лобби фирмасы және Өзбекстан үкіметі құны 300 млн доллар болатын үлесін өзінен тартып алды деп санайтын өзбек-американ отбасы қатысқан.

Сонымен бірге бұл сотқа Америка аса танымал бренді Coca-Cola Company да араласты.

Coca-Cola-ның Америкадағы штаб-пәтеріндегі басшылары мен Түркиядағы аймақтық бөлімшедегі менеджерлер арасындағы өзара хат-хабарға көз салсақ, Нью-Джерсидегі Мақсуди отбасына тиесілі болған активтерді үкіметке алып берген істің артында құқықтық шикілік барын компания басшылары білген.

Кейін Өзбекстан үкіметі бұл үлесті аты да, заты да белгісіз америкалық компанияға арзан бағаға сату туралы шешім шығарғанда Coca-Cola басшылығы күмән тудыратын көп мәселеге көз жұма қараған. Электрон хаттар мен басқа да құжаттардан осыны байқаймыз.

Кейін әлгі аты да, заты да белгісіз компания Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримовамен тығыз байланысты екені әшкере болды.

2004 жылғы мамырда Coca-Cola-ның аймақтық қаржы директоры компания менеджерлеріне ескерту жасап, мынадай мазмұнда электронды хат жібереді: "Менің ойымша, АҚШ үкіметі "жоқ" демесе, әрі қарай жалғастыра берсек болады. Алайда, мұның қауіпті екенін, серіктестеріміздің бірі қандай да бір проблемаға тап болуы мүмкін екенін әрдайым есте ұстауымыз керек". Бұл хат Coca-Cola-ның Атлантадағы штаб-пәтерінде отырған аға заңгерге де жіберілсе керек.

"Өзбекстандағы жұмыстың құны – бағдарсыздық пен үлкен тәуекел екенін мойындауға тура келеді" деп жазады директор.

Кейін белгілі болғандай, "тәуекел" деп отырғаны – Coca-Cola Bottling Uzbekistan компаниясын Гүлнара Каримованың басып алуы болып шықты. Coca-Cola-мен бірлескен кәсіпорынның негізін қалаған отбасы ұзақ жылдан бері мекемені Каримова тартып алды деумен келеді. Қазір Каримова Ташкент маңындағы колонияда жазасын өтеп жатыр. Оған тағылған айыптардың қатарында сусын шығаратын компаниядағы үлесті заңсыз түрде арзан бағаға алды деген айып та бар.

АҚШ-та телекоммуникация компаниясына қатысты істе (оның Coca-Cola ісіне де қатысы бар) Каримоваға парақорлықпен және жемқорлықпен айналысты деген айып тағылған. Бұған қоса АҚШ-тың қаржы министрі оған санкция салған.

Coca-Cola-мен бірлескен компанияны алғаш болып құрған Мақсуди әулеті АҚШ-та және басқа елдерде Өзбекстан үкіметінің шешіміне қатысты шағым түсіретінін мәлімдеді.

КАРИМОВА МЕН МАҚСУДИДІҢ ҮЙЛЕНУІ МЕН АЖЫРАСУЫ

Coca-Cola Совет одағы тарағаннан екі жыл өткен соң Өзбекстанға аяқ басты.

1993 жылы Coca-Cola-ның еншілес кәсіпорны The Coca-Cola Export Corporation америкалық сусын түрлерін бөтелкеге құйып сатумен айналысатын үшжақты мекемеге инвестиция салуға келіседі. Оның екі серіктесі – Өзбекстанның ресми тағам қауымдастығы "Узпищепром" мен Кайман аралдарында тіркелген Roz Trading компаниясы.

Мансур (сол жақтан екінші) және Фарид (оң жақтан бірінші) Мақсуди.
Мансур (сол жақтан екінші) және Фарид (оң жақтан бірінші) Мақсуди.

Roz Trading – Ауғанстанмен тарихи байланысы бар өзбек Мақсуди әулетіне тиесілі компания. Әулет өкілдерінің көбі 1970 жылдары АҚШ-қа көшіп кеткен. Бірлескен кәсіпорынды құрардан екі жыл бұрын әулеттің отағасы Абдул Мақсудидің бір ұлы Мансұр Өзбекстанның сол тұстағы президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға үйленген.

CCBU деген ат қойылған бірлескен кәсіпорынның тасы өрге домалайды. 2000 жылға қарай компания сатылымының жылдық көлемі 100 млн долларға жетеді, компания Орталық Азиядағы ең ірі сусын құю зауытына иелік етеді.

1996-97 жылдары Мансұр Мақсуди мен оның бауыры Фарид жылдың "ең үздік боттлері" атанады, ал 1998 жылы олар Coca-Cola компаниясының АҚШ-тағы штаб-пәтерінде өздерінің құрметіне ұйымдастырылған салтанатты кешке қатысып қайтады.

Алайда 2001 жылы Мансұр Мақсуди мен Гүлнара Каримованың арасы нашарлай бастайды. 29 маусымда кезекті ұрыс-керістен соң Каримова екі баласын алып, АҚШ-тан Өзбекстанға кетіп қалады.

Арада бірнеше күн өткен соң Мақсуди Каримова екеуінің ортақ балаларын ұрлап кеткенін айтып, Нью-Джерси сотына шағым түсіреді.

Фарид (сол жақта) пен Мансұр Мақсуди Coca-Cola компаниясының президенті әрі бас директоры Дуг Ивестормен бірге тұр. 1996 жылы түсірілген сурет.
Фарид (сол жақта) пен Мансұр Мақсуди Coca-Cola компаниясының президенті әрі бас директоры Дуг Ивестормен бірге тұр. 1996 жылы түсірілген сурет.

Содан соң Өзбекстанның арнайы қызметі Мақсудидің Ташкенттегі туыстарын - Coca-Cola сусынын құю зауытындағы жұмысшылар мен отбасы бизнесі қызметкерлерін қуғындауға көшеді. Мансұрдың төрт туысы қамалады, ал бірлескен мекеменің үш топ-менеджері елден қашады. CCBU-дің төрт нысанындағы жұмыс тоқтап қалады.

Арада төрт ай өткен соң, 2001 жылғы 24 желтоқсанда, өзбек арнайы қызметі Мақсудидің Ташкент пен оның маңайында тұратын жиырма шақты туысын ұстайды. Ұсталғандар арасында әйелдер мен балалар да бар. Арнайы қызмет өкілдері оларды 15 сағаттық жердегі Ауғанстан шекарасына апарып, "енді қайтып келмеңдер" деп тастап кетеді.

Сол күні Coca-Cola-ның Еуразия және Таяу Шығыс бойынша президенті Ахмет Бозер компанияның жоғары лауазымды басшыларына электрон хат жазып, "Өзбекстандағы акционерлердің басындағы проблеманы" баяндайды.

"Мақсудисіз жаңа серіктестермен одақ құруға тура келеді. Үкіметпен қарым-қатынасты "қайта бастаймыз" (бастап та қойдық). Бұл – біз үшін [Coca-Cola] мен Өзбекстан үкіметі арасында сенімді қарым-қатынас орнату мүмкіндігі" деп жазады Бозер.

Coca-Cola басшыларының басты уайымы – кәсіпорынды кім бақылайтыны емес, оның әрі қарай жұмыс істей беруі болса керек.

"ТАРТЫП АЛУДЫ КАРИМОВА ХАНЫМНЫҢ ӨЗІ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ"

Каримова Америкадан Өзбекстанға кетіп қалғаннан соң алты аптадай уақыт өткенде АҚШ-та 11 қыркүйек оқиғасы болды. Бұл оқиға АҚШ-тың Орталық Азиядағы басымдықтарын да, Американың жалпы сыртқы саясатын да түбірімен өзгертіп жіберді. Джордж Буш әкімшілігі көрші Ауғанстандағы әскери операцияны жүргізу үшін Өзбекстандағы бұрынғы әскери базаны және елдің әуе кеңістігін пайдалануға Каримовтан рұқсат алады.

Бұдан кейінгі тоғыз ай бойы өзбек билігі Coca-Cola басшылығына алаяқтықпен айналысты, ақша жымқырды деп айып тағып, қысым жасай береді.

Өзбекстан соттары Roz Trading акцияларын жою туралы бірнеше шешім шығарады. Бұған қоса Өзбекстан үкіметі мекеменің тауар экспорттауына, ұлттық валюта – суммен тапқан табысын АҚШ долларына ауыстыруына тыйым салады.

Өзбек билігі Roz Trading-ті бухгалтерлік есепті дұрыс жүргізбеді, мүлікті талан-таражға салды, қызметкерлерге қатыгездік жасады деп айыптайды.

Бейтарап бақылаушылардың айтуынша, 2001-2002 жылдары Coca-Cola компаниясын жауып, басып алуға Гүлнара Каримованың қатысы болған. Оның бұл іске қаншалық араласқаны Мақсуди әулеті АҚШ-тың федералдық соттарына берген арыздарының арқасында белгілі болды.

2003 жылғы сәуірде Өзбекстан үкіметі Coca-Cola компаниясына CCBU-дің мемлекеттік үлесі жекешелендіріліп, басқа бірлескен кәсіпорын – Zeromax конгломератына кіретін Muzimpex-ке берілетінін хабарлады.

Сот құжаттарына қарасақ, Каримова CCBU-ге шикізат жеткізіп тұру үшін Біріккен Араб Әмірліктерінде Revi Holdings компаниясын құрады, ол 2002-2003 жылдары 1,75 млн долларға келісімшарт жасасады.

Revi Holdings-ті құруға атсалысқан басты адам – Фарход Иногамбаев 2007 жылғы тамызда АҚШ сотына берген жазбаша жауаптарында өзін Каримоваға жұмыс істеуге мәжбүрлегенін айтқан. Айтуынша, президенттің қызы оның туыстарына қоқан-лоқы жасаған.

Бұған қоса ол Мақсуди салық төлеуден жалтарды, жемқорлық жасады деп жалған есеп жазуға да мәжбүр болғанын мойындады.

"Ол (Каримова – ред.) бұлай тартып алу Мансұр Мақсудиді, оның әулеті мен бизнесін жермен-жексен ететінін түсінді. Екіншіден, ол CCBU бизнесі мен оның нысандардының қаржылық құны өте жоғары екенін жақсы білді" деп жазды Иногамбаев.

"Roz компаниясын жою әрекеттерін Өзбекстан үкіметіндегі жоғары лауазымды ресми тұлғалармен Каримова ханымның жеке өзі үйлестіріп отырды" дейді ол.

Иногамбаевтың айтуынша, 2002 жылғы қыркүйекте ол Каримованың атынан Ташкенттегі Intercontinental қонақүйінде Бозермен кездескен.

"Бозер мырза Каримова ханымның өз компанияларының бірі арқылы CCBU-ға бақылау орнату әрекетін қолдады. "Бұл дауда біз [Каримовамен] бір жақпыз" дегенге ұқсас сөзді Бозер мырза әңгіме барысында бірнеше рет қайталады" деп жазады Иногамбаев.

"Coca-Cola-ның лауазымды тұлғалары Каримова ханымға жағынуға ерекше тырысты, себебі ол Pepsi-дің Өзбекстанда бизнес жүргізуіне келісім береді деп қорықты" дейді ол.

Кейін Фархад Иногамбаев Өзбекстаннан қашып, Мақсуди әулетінің көмегімен АҚШ-тан саяси баспана алады.

Алайда Coca-Cola-ның басқа басшыларына жазған электрон хатында Бозер Каримовамен қандай да бір келіссөз жүргізгенін жоққа шығарды.

Сол жылдың соңында Muzimpex компанияның бұрын Roz Trading-ке қараған бақылау пакетін мемлекеттен 14,1 млн долларға сатып алады.

Өзбекстан бас прокуратурасының тапсырмасымен 2005 жылы жүргізілген аудиторлық тексеру CCBU-де болған ұрлық пен алаяқтық кесірінен үкіметке 6 млн доллар шығын келді деген қорытынды шығарған. Аудиторлық тексеруге тікелей қатысқан бір дереккөздің айтуынша, "бүкіл процестің" мақсаты – өзбек үкіметінің Roz Trading акцияларын тартып алуын ақтау болған.

"CCBU-де олқылықтар болғаны рас, бірақ активтерді бұғаттайтындай негіз мүлде болған жоқ" деді аты-жөнін айтпауды сұраған дереккөздердің бірі.

ПАРАҚОРЛЫҚ ДАУЫ ЖӘНЕ ТҮРМЕГЕ ТҮСКЕН КАРИМОВА

2007 жылы Мақсуди мен Каримова және Өзбекстан үкіметі арасындағы текетірес кескілескен соғысқа айналды. Мансұр Мақсудидің некені бұзу туралы шағымын қанағаттандырған Нью-Джерси соты Гүлнара Каримовамен арадағы екі баланы әкесімен қалдыру туралы шешім шығарды. Балаларды алып Өзбекстанға қашқан Каримованы тұтқындау туралы халықаралық ордер шықты. Бұл оның шетелге шығуына мүмкіндік бермей, аяғына тұсау болды.

Ал Өзбекстан үкіметі Интерполға ағалы-інілі Мақсудилерге іздеу салу туралы өтініш жіберді.

Арада бір жыл өткенде, 2008 жылы мамырда Каримова мен Мақсуди кикілжіңді реттеу туралы келісімге келді, соның арқасында Мақсудидің бірнеше туысы Өзбекстандағы түрмеден босатылды, ал АҚШ-тағы сот процесі тоқтады.

2012 жылы Швецияда шыққан деректі фильмде қолға түскен құжаттар негізінде Каримованың Өзбекстан нарығына кіруге оқталған ірі халықаралық телекоммуникация компаниясынан 320 млн доллар пара алуы мүмкін деген күдік айтылды. CCBU-дың екі жоғары лауазымды қызметкері банктегі Каримоваға қатысы бар есепшоттан ақша алмақ болып жатқанда Женевада ұсталған.

Кейін АҚШ үкіметі тағы бір мекеме – ресейлік МТС компаниясын Каримоваға пара берді деп айыптады. Осы айып бойынша мәселелерді реттеу үшін компания АҚШ билігіне 850 млн доллар көлемінде айыппұл төледі.

Каримова швед телекоммуникация компаниясынан пара алды деген ақпарат шыққаннан бір жыл өткен соң, 2013 жылы Өзбекстан билігі бұл іс бойынша қылмыстық іс бастап, кейін Muzimpex-тің Coca-Cola-дағы активтерін бұғаттады.

Телекоммуникация мекемесі мен Coca-Cola активтеріне қарсы қудалау 2014 жылы шарықтау шегіне жетіп, Өзбекстан прокуратурасы Гүлнара Каримованың өзін тұтқындады. Оған ақша ұрлап, пара алды, "ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты" деген айыптар тағылды.

2017 жылы Өзбекстан билігі Каримоваға мемлекет мүлкін ұрлады деген қосымша айып тақты. Ұрланған болуы мүмкін деген мүліктің арасында CCBU-дің 2004 жылы жекешелендірілген 57,1% акциясы да болды.

Біраз уақыт үйқамақта отырған Каримова аяқ астынан Ташкент түбіндегі әйелдер колониясына көшірілді. Болжам бойынша, ол әлі күнге сол жерде отыр.

Оның қазіргі ахуалы туралы ақпарат жоқ, бұл Өзбекстандағы сот және прокуратура процедураларының ашық еместігінен хабар береді. Каримованың қызы анасының денсаулығы нашар екенін айтып, бірнеше рет үндеу де тастап көрді.

Швейцария билігі оның миллиондаған доллар ақшасы жатқан есепшоттарын бұғаттаған соң швейцар соты Каримоваға өз құқықтарын қорғау үшін адвокат тағайындаған. Ол адвокат қорғауындағы Гүлнара Каримова отырған түрмеге 2019 жылдан бері кіре алмай жүр.

Оның әкесі, Өзбекстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері елді үздіксіз басқарған Ислам Каримов 2016 жылғы тамыздың соңында ауруханаға түскен. 2 қыркүйекте оның көз жұмғаны хабарланды.

ТЕНДЕРГЕ ҚАТЫСЫП ЖАТҚАНДАР АРАСЫНДА МИРЗИЯЕВТІҢ КҮЙЕУБАЛАСЫ БАР

2016 жылғы желтоқсанда билікке келген Ислам Каримовтың ізбасары Шавкат Мирзияев алдыңғы басшы кезінде қалыптасқан нәрселерді өзгертуге күш салып келеді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

2018 жылы үкімет CCBU-дегі үлесін сататынын жариялап, оның саудасын ұйымдастыру үшін Еуропадағы қайта құру және даму банкін (ЕҚДБ) шақырды. Алайда, банк өкілінің айтуынша, кейін Өзбекстан үкіметінің шешімімен ЕҚДБ бұл іске қатыспайды деген ұйғарым шыққан.

Былтыр маусымда CCBU бірлескен мекемесіндегі Өзбекстанның 57,1 пайыз үлесі сатылғаны хабарланды.

Үкіметтің мәліметі бойынша, бұл мекеме көп пайдаға кенеліп, 2020 жылы 160 млн доллар табыс тапқан, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 46 пайызға көп.

Мемлекеттік активтерді басқару агенттігі 31 желтоқсанға дейін саудаға қатысқысы келетін үміткерлерді тіркейтінін айтып, 2020 жылғы 16 желтоқсанда хабарландыру жасаған. Бұған қоса олар Еуропадағы Rothschild & Co. деп аталатын ірі банк бұл мәміле бойынша эксклюзивті косультант болатынын да ескерткен.

Арада екі апта өткенде Орталық және Оңтүстік Азияның көп бөлігінде жұмыс істейтін Coca-Cola-ның түркиялық бөлімшесі өтініш беретінін мәлімдеді. Олар мақсатына жеткен жағдайда Coca-Cola-ның корпоративтік құрылымы Өзбекстандағы бөлімшесін толық басқаруына алады.

Бұл жағдай осы саудаға қызығып жүрген Өзбекстанның өз ішіндегі бірнеше ойыншыны алаңдатса керек. Содан да болар, жақында құрылған жемқорлықпен күрес агенттігі бұрын-соңды болмаған әрекетке барып, тендерді тоқтату мәселесін төтесінен қойды.

Алайда, агенттік арада бір күн өтпестен бұл мәлімдемесінен айнып, аукцион "мүмкіндігінше ашық өтетінін" хабарлады.

10 ақпанда жергілікті заңгер Зафар Солижонов Өзбекстанның мемлекеттік активтерін басқару агенттігі компания акцияларын алуға үміткерлердің соңғы тізімін жариялады. Олардың арасында Coca-Cola-ның Түркиядағы бөлімшесі және даниялық Carlsberg сыра компаниясы бар.

Ең қызығы – тендерге қатысып жатқандар арасында "Өзбек-Оман инвестициялық компаниясы" (Uzbek-Oman Investment Company) деп аталатын мекеме бар. Көпшілікке таныс емес бұл фирманың басты акционерлерінің бірі – Өзбекстан президенті Мирзияевтің күйеу баласы Отабек Умаров.

30 наурызда мемлекеттік активтерді басқару агенттігі тендердің бірінші кезеңі аяқталғанын хабарлады, бірақ оған қатысқандар мен олардың саны туралы дерек жарияланбады.

Азаттықтың Өзбек қызметіне Мақсуди әулеті жіберген хатта: "Өзбекстан үкіметі Coca Cola Bottlers Uzbekistan Ltd. компаниясының акцияларын қанша рет "жекешелендіруге" тырыспақ? Біздің CCBU-дағы 55 пайыз акциямызды заңсыз тәркілеуден басталған бұл жемқорлық процесінің жүріп жатқанына 20 жыл болды, сода бері Өзбекстан үкіметі оны бірнеше мәрте "жекешелендіруге" тырысты. CCBU акцияларының шынайы қожайыны - біз" делінген.

Мақаланы жазу барысындағы зерттеу ісіне Кристиан Ласслет қатысты.

Материал ағылшын тіліндегі нұсқадан ықшамдалып аударылды.

XS
SM
MD
LG