Ссылки доступа

Гонконгте ірі тәуелсіз басылым жабылатынын хабарлады


Печатная продукция Apple Daily

Гонконгте сөз бостандығына қысым күшейген тұста аймақтағы ірі тәуелсіз Apple Daily басылымы жабылатынын хабарлады.

Басылымның директорлар кеңесі 23 маусымда "Гонконгтегі жағдайға байланысты" осы апта соңына дейін газеттің қағаз және онлайн нұсқаларын шығаруды тоқтататынын жеткізді. Бұған дейін басылымның бас редакторы мен тағы бес қызметкері "ұлттық қауіпсіздік заңын бұзды" деген айыппен ұсталған.

Ресми орындар ірі басылымға қатысы бар компанияның құны 2,3 млн доллар болатын активтерін де бұғаттаған. Полиция Apple Daily-де жарияланған Гонконг пен Қытайға салынған шетел санкциясы туралы мақалаларды айғақ ретінде пайдаланған.

Басылымның иесі, миллиардер, магнат Джимми Лай Гонконгте 2019 жылы тұтанған демократияшыл белсенділер наразылығына қатысқаны үшін және Пекин заңын сынағаны үшін түрмеде отыр. Оған ұлттық қауіпсіздік заңы аясында өзге де айыптар тағылған. Олардың арасында "шетелмен астыртын байланыс орнату" бабы да бар.

Қытай билігі 2020 жылы 30 маусымда Гонконгтің ұлттық қауіпсіздігі туралы заң қабылдаған. Қауіпсіздік туралы заңға сәйкес, Пекин сатқындық, сепаратизм немесе терроризм деп тапқан кез келген әрекетті жасаған адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл заң Гонконгтің өзі ішінде және Батыс елдері тарапынан қатаң сынға ұшыраған. Олар заң Гонконгте саяси қуғынды күшейтеді, тұрғындардың бостандығын шектейді деп санайды.

Заң қабылданғалы бері шамамен бір жыл өтті. Құқық қорғаушылар содан бері демократиялық қозғалыстарға қысым үдеп, болжамның расталғанын айтады.

XS
SM
MD
LG