Ссылки доступа

Тәжікстанда пышақ жарақатынан қайтыс болған әйел өлімін тексеріп жатыр


Манораи Абдуфаттох

Тәжікстандағы Файзабад ауданының тергеу органдары пышақ жарақатынан қайтыс болған жас келіншек өлімін тексеріп жатыр. Бірнеше жерден пышақталған әйел денесі 22 маусымда жалға алынған пәтерден табылған.

Файзабад ауданының 25 жастағы тұрыны Манора Абдуфаттохтың туыстары келіншекті біреу өлтірген деп есептейді. Тергеушілер сот-медицина сараптамасының қорытындысын күтіп отыр.

Абдуфаттох Мисоков қызының қазасы туралы қаралы хабарды Ресейде жүргенде алған. "Алғашқы сот-медицина сараптамасында Манора өзіне қол салған делінген. Бірақ біз жиырма шақты пышақ соққысының ізін көрдік. Мүрдені Душанбеге қайтадан сараптама жасау үшін жеткіздік. Сарапшылардың бірі бізге Манораны қинап өлтіруі мүмкін деді. Сот-медицина сараптамасының қорытындысын күтіп отырмыз", - дейді марқұмның әкесі.

Файзабад ауданының милициясы жас келіншектің өліміне қатысты тергеу басталғанын хабарлады.

Марқұмның туыстарының айтуынша, Манора жақында ата-анасының үйінен жалға алған пәтерге көшкен. Қайғылы оқиға болған кезде оның кішкентай үш баласы асханада болған. Көршілер сол күні Манораға күйеуінің бірнеше туысы келгенін айтқан.

Манораның әпкесі Фарзона Мисокова сол күні сіңлісімен телефонмен сөйлескен. "22 маусымда сағат 17 шамасында ол маған хабарласып, оны өлтіріп кетуі мүмкін екенін айтты. Біз оған ағамызды жібердік, бірақ жарты сағаттан соң сіңлімнің қайтыс болғанын естідік", дейді Фарзона.

Оның айтуынша, Манора күйеуінің бірнеше туысы маза бермей жүр деп шағымданған. Марқұмның күйеуінің туыстары журналистермен сөйлеспей отыр. Манораның күйеуі қайғылы оқиға болғанда Ресейде жүрген. Әйелінің өлімі туралы хабарды естіген ол елге оралған.

XS
SM
MD
LG