Ссылки доступа

Жапаров: Қырғызстан мен Тәжікстан шекара мәселесін шешу жолын табады


Тәжікстан басшысымен кездескен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров көрші елдер шекара мәселесін шешу жолын табады деп мәлімдеді. Бұл туралы Қырғызстан басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Жапаровтың айтуынша, 28–30 сәуірдегі қайғылы оқиғалар екі ел үшін "аса қайғылы ақтаңдақ күндер ретінде тарихта қалды".

"Көрші елдер мұндай қарулы қақтығыстың қайталануына жол бермеуі тиіс. Қырғызстан мен Тәжікстан халықтары ежелден бауырлас, көршілес қырғыздар мен тәжіктер әрдайым достығын үзбеген", — деді ол.

Қырғызстан президенті баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сенсек, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон әзірге екі елдің шекарадағы жанжалына қатысты пікір айтпаған. Тәжікстан Садыр Жапаровтың ресми сапарына ерекше мән береді деген Рахмон.

"Озоди" радиосы да Эмомали Рахмонның шекарадағы жанжал туралы ештеңе айтпағанын жазды.

Көрші елдердің президенттері оңаша кездесу өткізеді, одан соң үлкен форматтағы келіссөздер басталады. "Озоди" дереккөзінің хабарлауынша, келіссөздер нәтижесінде төрт құжат қабылданады. Нақты қандай құжаттар екені әзірге белгісіз.

Құжаттарға қол қою рәсімінен соң Эмомали Рахмон мен Садыр Жапаров бірге брифинг өткізеді.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында 28-30 сәуірде қарулы қақтығыс болып, ондаған адам қаза тапты.

XS
SM
MD
LG