Ссылки доступа

Түркіменстанда COVID-19-қа қарсы екпе салдыру жөніндегі бұйрықты талап еткен белсендіге айыппұл салынды


Түркіменстанда белсенді Мұрат Душемов коронавирусқа қарсы міндетті түрде екпе салу жөніндегі бұйрықты көрсетуді талап еткені үшін 100 манат (28 доллар) көлемінде айыппұл төлейтін болды. Бұл жөнінде Азаттықтың түркімен қызметі хабарлады.

Душемов ауруханада жасы ұлғайған адамдарға мәжбүрлеп екпе салу жөніндегі денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығын көрсетуді талап етіп жатқанын видеоға түсіріп, оны Youtube каналына жариялаған. Оның ауруханаға баруына анасының міндетті түрде коронавирусқа қарсы вакцина алуды талап еткені себеп болған.

Видеодо дәрігер өздерінде ешқандай бұйрық жоқ екенін айтып, оның бұл әрекеті үшін прокуратураға шағымданатынын жеткізген.

Белсендінің айтуынша, ертесі ол аудандық сотқа шақырылған. Ол жерде оған алдын ала дайындалған түсіндірме хатқа қол қоюды ұсынып, 100 манат көлемінде айыппұл салған.

"Ешқандай тергеу жүрмеді. Мені полицияға шақырмастан, істі дереу сотқа жіберді. Сотта сұрақтарыма жауап алуды қалайтынымды айттым", - дейді белсенді.

Ақпаратқа қарағанда, осыған дейін 37 жастағы Мұрат Душемов шетелдегі түркімен оппозициясы туралы пікір білдіргеннен кейін ұсталып, 10 тәуліктен кейін үйқамаққа босатылған.

Түркімен билігі өлкеде коронавирус жұқтырғандар жоқ екенін мәлімдеп келеді. Тәуелсіз басылымдар болса Түркіменстанда COVID-19 вирусынан адамдар ауырып, көп науқастың қайтыс болғанын жазып келеді.

XS
SM
MD
LG