Ссылки доступа

Нұр-Сұлтанда абақтыға қамалған белсенділер бесеуге жетті


Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған әкімшілік соты сейсенбіде азаматтық белсенділер Нұрлан Алтынбаев пен Айдар Cыздықовты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен абақтыға жапты.

Нұрлан Алтынбаевты Нұр-Сұлтан әкімшілік сотының судьясы Эльвира Есжанова 14 маусымдағы АҚШ елшілігінің алдындағы наразылық акциясына қатысқаны үшін айыпты деп таныды. Сот шешімімен белсенді 10 тәулікке абақтыға қамалды.

"Алтынбаев әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасында белгіленген тәртіпті бұзған" деп жазылған сот шешімінде.

Бірақ Алтынбаевтың өзі кінәсіз екендігін, митинг ұйымдастырмағанын әрі Қазақстан азаматы ретінде қалаған уақытта және қалаған жерде жүруге құқығы барын айтқан.

Судья Эльвира Есжанова 36 жастағы Айдар Сыздықовты Facebook желісіндегі посты үшін айыпты деп таныған.

Сот қаулысында Айдар Сыздықовтың 2021 жылғы 11 маусымда өзінің Facebook’тегі парақшасында 12-13 маусымда Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкента қаласында митингіге қатысуға шақырған жазбаны репост жасағаны айтылған.

"Ол сотта кінәсін мойындамай, Facebook парақшасын 2021 жылдың 3 маусымнан бері қолданбайтынын айтқанымен, оның парақшасы Instagram желісіне тіркелген. Ал митинг өткізуге алдын ала өтініш берілмегендіктен Сыздықовтың әрекеті заңсыз, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабының 7-тармағына сай "бейбіт шеру өткізу тәртібін бұзған" деп жазылған сот қаулысында.

58 жастағы Нұрлан Алтынбаев былтыр қыркүйекте "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" де бес тәулікке қамалған. Ал биыл қаңтарда оны "тіркелмеген ұйымның жұмысына қатысты" деп айыптап, 103 мың теңге айыппұл салған.

Маусым айында сот "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдағаны үшін" Айдар Сыздықовтың бас бостандығын үш жылға шектеген. Оған бес жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға, митингілерге, жиындарға қатысуға, әлеуметтік желілерде жазба жариялауға тыйым салынған.

Нұр-Сұлтанда Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының лидері, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың 6 шілдеге (астана күні, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні) белгілеген митинг-монстрациясы қарсаңында азаматтық белсенділерді "қудалау" көбейген.

Қазақстан билігі ҚДТ митингілерін заңсыз деп санайды.

28-29 маусымда белсенділер Қайыргелді Нұрғалиев – 15 тәулікке, Марат Мұсабаев – 20 тәулікке, Айжан Әбенова 15 тәулікке абақтыға қамалды. Сот оларды Әкімшілік кодекстің 488-бап 6-тармағы бойынша ("бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін") кінәлі деп тапты.

Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.

Қазақстанда бұл екі ұйымға қатысты көп белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.

XS
SM
MD
LG