Ссылки доступа

Жаңаөзенде "КЕЗБИ" компаниясының 600-дей жұмысшысы жұмысты тоқтатты


30 мауым күні Жаңаөзенде "КЕЗБИ" компаниясының 600 шақты жұмысшысы еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны өсіруді талап етіп, жұмысты тоқтатты. Бұл туралы Азаттыққа осы мекеме жұмысшысы Нұрсұлтан Нұрымов хабарлады.

- 21 маусымда ереуілге шығатынымыз туралы әкімдікке, еңбек инспекциясына, жұмыс берушіге ескерттік. Бірақ ешқандай жауап болмады. Содан соң бүгін, 30 маусымда жұмысты толық тоқтаттық. Таңғы 6-дан бастап ешкім жұмысқа барған жоқ, - деді ол.

Жұмысшылар

  • Жалақыны көтеріп, сыйақы төлеу жүйесін қайта қарастыруды,
  • Мереке күндерінде жасалған жұмыстар мен зиянды аймақтағы жұмыс үшін ақы төлеуді,
  • Жұмысшыларға еңбек өтіліне қарай карьерлік көтермелеу жасауды,
  • Еңбек демалысына қосымша сауықтыру орындарына баруды қамтамасыз етуді,
  • Ұңғымаларды жөндейтін шеберлерге жағдай жасауды,
  • Бұрғышылардың қасына көмекші беруді,
  • Стандартқа сай құрал-сайманмен қамтамасыз етуді,
  • 2019 жылдың қаңтарынан бастап жұмысшыларға берілетін қаражат туралы есеп беруді талап етеді.

Азаттық тілшісі "КЕЗБИ" мекемесінің басшысы Бітім Кезбаевқа қоңырау шалғанымен, тұтқаны көтермеді. Бірақ жұмысшылардың айтуынша, олармен кездесуге Бітім Кезбаев пен орынбасары Ораз Кезбаев келген.

- Қазір біздің арамыздан төрт жігіт - Азамат Жапаров, Жолмұрат Ұлықпанов, Баймұрат Әжекенов, Сәбит Молдабеков жұмыс беруші, Жаңаөзен қаласы әкімі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, еңбек министрлігінің өкілі, облыстық полиция департаменті басшыларынан құрылған комиссия отырысына қатысып жатыр. Біз талабымыз орындалмай кетпейміз. Бұл ырың-жырың 2019 жылдан бері жалғасып келе жатыр, шаршадық, не болса да нүктесін қоямыз, - деді Азатыққа жұмысшылардың бірі.

"КЕЗБИ" жұмысшылары жұмыс берушіден өздері құрған кәсіподақ жұмысына кедергі келтірмеуді де сұрайды.

- Кәсіподақ белсенділерінің бірі Болат Сатыбалдиев есімді жұмысшыны техникалық емтиханнан өткізбей қудалап жатыр. Біз соны тоқтауды талап етеміз. Ол – сын көтермейтін жұмыс жағдайын айтып жүрген белсенді жігіт. Бізде құрал-саймандар қолдан жасалған. Мастерлер 15 күндік вахтада өндіріс басында, жағдайсыз вагондарда жатады, - дейді Нұрсұлтан Нұрымов.

"КЕЗБИ" компаниясы жұмысшылары 2019 жылы 25 шілдеде кәсіподақ құрып, тіркелген. Ол Жаңаөзен қаласындағы "Ынтымақ" салалық кәсіподағының құрамына енген. Кәсіподақтың 600-ден астам мүшесі бар.

"КЕЗБИ" жұмысшылары кәсіподақ құрылған соң жұмыс берушінің оның жұмысына кедергі келтіріп жатқанын мәлімдеп, бірнеше рет наразылық білдірген.

2019 жылы қазан айында "КЕЗБИ" жұмысшылары Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына жиналып "жұмысшылар құқығын қорғайтын кәсіподақ құрғаны үшін қудаланып жатқанына" шағымданған еді. Олар "жұмыс беруші компания жұмысшылардың құқықтарын таптайды, себепсіз жұмыстан шығарады" деген еді.

1992 жылы құрылған "КЕЗБИ" компаниясы Маңғыстау облысындағы мұнай компанияларына ұңғымаларды жөндейді. Ол – Жаңаөзендегі ең ірі мұнай компаниясы "ӨзенМұнайГаз" акционерлік қоғамының мердігер мекемесі. Мұнда жалпы саны 27 бригада бар. Компанияда 1200-ге жуық адам жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG