Ссылки доступа

Тәжікстанда капитал мен мүліктерге рақымшылық жүргізілмек


Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы "Тәжікстан азаматтарының активтері мен қаржысын заңдастыруға байланысты рақымшылық жасау жөніндегі" заң жобасын мақұлдады. Билік рақымшылық жасау ел экономикасына инвестиция тартуға мүмкіндік береді деп үміттенеді.

Ұлттық банк мәліметінше, мүлігі мен ақшасын заңдастырған азаматтар үш жылға дейін салықтан босатылады.

Тәуелсіз БАҚ бірқатар тәжікстандықтардың оффшорлы аймақта ақшасы барын жариялаған. Олардың бірі – тәжік президентінің күйеу баласы Зарифбек Давлатов. Душанбе-Чанак тас жолына қызмет көрсететін IRS компаниясы да оффшорлы аймақта тіркелген. Тәуелсіз БАҚ-тың мәліметі бойынша, бұл компанияның қожайыны да президенттің туыстары.

Бірқатар сарапшылар заң жобасы қабылданса, оның жүзеге асуына күмән келтіреді. Солардың бірі - Хайрулло Мирсаидов.

"Кәсіпкерлер Тәжікстанда бизнесіңді дамыту мүмкін емес екенін түсінді. Егер олар бір жетістікке жетсе, бизнесін тартып алады. Бұл заң жобасы президенттің айналасындағы адамдарға арналып отыр. Олар бюджеттен ұрланып, шетел асырған ақшасын кері елге қайтарып алғысы келеді. Себебі, қазір халықаралық қауымдастық коррупция арқылы келген күмәнді есеп-шоттарды жауып жатыр", - деді ол.

Егер заң жобасы қабылданса, Тәжікстанда мүлік мен капиталға екінші рет рақымшылық жүреді. Біріншісі 2007 жылы жүзеге асқан.

XS
SM
MD
LG